Кинотеатрларда қазақ фильмдерінің үлесі 40%-ға жақындап қалды – Freedom Ticketon есебі

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы
Freedom Ticketon мәліметінше, отандық фильмдердің үлесі 39%-ға жеткен / Фото: shutterstock

Кинотеатрларда отандық фильмдердің үлесі артқан. Бұл туралы Freedom Ticketon онлайн билеттерін сату қызметінің бас директоры Виктория Торгунакова мәлімдеді.

Компания 2024 жылдың қорытындысын шығарған. Freedom Ticketon есебіне сәйкес қазақстандықтар жалпы алғанда өнер мен мәдениетке, ойын-сауыққа 73 млрд теңге жұмсаған.

«Бұл бір жыл бұрынғыдан 16,1 млрд теңгеге және компания бір жыл бұрын болжаған көрсеткіштен 3,8 млрд теңгеге артық», – дейді Торгунакова.

Сондай-ақ 2024 жылы Freedom Ticketon платформасы әртүрлі іс-шараларға алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп билет сатқан. 2023 жылы 2,9 миллион билет сатылса, 2024 жылы 5,6 миллион билет сатылған.

Билеттерді көбінде кімдер сатып алады?

Торгунакова билеттерді сатып алу платформасын ең белсенді пайдаланатын қалаларды атады. Ең белсенді қалар мыналар:

  • Астана – 50,6%;
  • Алматы – 48,1%;
  • Қарағанды – 33%;

Көбінде киноға билет сатып алатындардың қарасы басым. Бір жылда 831 мың кино билеттері сатылған. 700 мың концерт билеті, 500 мың театрландырылған қойылым билеті сатылған.

Бір қызығы, компания есебінде тұрғындары киноға көп баратын қала ретінде Павлодар мен Шымкент қаласы аталады. Ал спорттық іс-шараларға қызығушылар саны Ақтөбеде көп екен.

Отандық кино үлесі

Торгунакованың айтуынша, 2024 жылы отандық кино өз позициясын нығайтқан.

«Прокаттағы қазақстандық фильмдердің саны 2023 жылғы 72-ден 2024 жылы 103-ке дейін өсіп, нарықтың 20%-ын иеленді. Шетелдік фильмдердің басымдығына (80%) қарамастан, қазақстандық кино барлық кассалық кірістердің үштен бірінен астамын, 18,4 млрд теңге жинады», – дейді компания өкілі.

Ал шетелдік фильмдердің жалпы кассасы 29,2 млрд теңгені құраған. Жалпы кірісте шетелдік фильмдердің үлесі 61% болса, отандық фильмдердің үлесі 39%-ға жеткен.

Жылдың ең көп табыс әкелген фильмі «Моана 2». Бұл туынды кассадан 1,85 млрд теңге жинаған. Ал екінші орында отандық фильм тұр. Қазақстандық «Дәстүр» фильмі 1,72 млрд теңге касса жианаған. Ал үшінші орында – 1,7 млрд теңге кассасымен «Веном: Соңғы би» фильмі тұр.

Freedom Ticketon марапаты

Айта кетейік, Freedom Ticketon жыл сайын өнер туындылары мен осы сала мамандарын марапаттайды. Биыл Freedom Ticketon марапаты мүлде басқа әдіспен беріліп, номинациялар санаты біршама өзгереді.

«Жылдың шетелдік фильмі», «Жыл мультфильмі», «Жылдың гастрольдік оқиғасы», «Жыл блогері», «Жыл спортшысы» марапаттары алынып тасталды. Марапат енді оны бағалайтындарға және салтанатты рәсімге қатысуға дайын адамдарға бағытталады. «Жыл көрмесі», «Жыл мұражайы», «Жыл өнер нысаны» деген үш бөлімнен тұратын жаңа ART номинациясы бекітілді», – дейді Виктория Торгункаова.

Сондай-ақ оқыңыз