
Нейрон желілері арқылы видеоконтент жасау қазір белең алып келеді. Жасанды интеллект сурет салуды қатырып қана қоймай, видеоны да меңгеріп алған. Соның арқасында киноиндустрия, жарнама, геймдев және маркетиң саласында бұрын болмаған тың дүниелер ашылып жатыр. Мысалы, бұған дейін анимация не визуал эффектілер жасау үшін қуатты компьютер, арнайы бағдарлама мен кәсіби мамандар керек еді.
Ал жаңа нейрон желілері санаулы секундта видео жасап шығарады. Ол үшін тіпті видеомонтаждың майын ішудің қажеті шамалы. Kursiv.Media тілшісі жасанды интелект көмегімен видео генерациялайтын 5 сервиске шолу дайындады.
1. Gen-2
Runway Gen-2 — видео жасауға арналған ең танымал әлі көпшіліктің қолданысына ашық модельдердің бірі. Runway AI компаниясы жасап шығарған.
Функциялары:
- Text-to-Video: мәтін түрінде сипаттама жазып бересіз, ол сізге видео генерациялайды.
- Image-to-Video: суреттерді анимацияға айналдырып береді.
- Video-to-Video: жүктеген видеоңызды белгілі бір стильге салып береді, қажет жерін пысықтап көмектеседі.
- Генерациясы жылдам: санаулы минутта қолыңызда дайын видео тұрады.
- Клауд арқылы жұмыс істейді: компьютер міндетті түрде қуатты болуы керек деген нәрсе жоқ.
Тарифтері:
- Тегін тарифі: шамалы ғана генерация жасай аласыз, видео ұзақтығы 5 секундтан аспайды.
- Стандарт (айына $12 бастап): генерация саны көбірек, ал видео ұзақтығы — 16 секундқа дейін.
- Про-нұсқа (айына $28 бастап): сапасы жақсырақ, мүмкіндігі көбірек, осы нұсқа қолданушыларына басымдық беріледі.
- Ұжымдық тариф: бизнеске жеке шарттары бар.
Бұл құрал маркетолог, дизайнер, блогерлерге қолайлы болады. Өйткені видеоны жылдам жасайды.
2. Pika Labs
Pika Labs — видеороликтер жасап беретін сервис. Басты артықшылығы — креативінде. Статикалық суреттерге жан бітіреді.
Pika Labs мүмкіндіктер:
- Мәтінге сай видео жасап береді — қолданушы өзіне керегін сипаттап берсе болғаны, нейрон желісі сол бойынша ролик әзірлейді.
- Image-to-Video — статикалық суреттерге анимация қосады.
- Спецэффектілер мен текстуралар қосуға болады — қалауыңызға қарай видеоның стилін ауыстырып, атмосферасын өзгерте аласыз.
- Бар видеоны жетілдіріп береді — видео жүктесеңіз, соған стилизация жасап, толықтырады.
Тарифтері:
- Тегін нұсқасы: функциялары қарапайым, санаулы видео ғана жасауға болады.
- Протариф (айына 10–30 доллар арасында): генерация саны көбірек, сапасы жақсырақ.
- Ұжымдық тариф: мүмкіндігі молырақ, компаниялар жазылымды қалауына қарай реттей алады.
Бұл сервис суретші, дизайнерлерге өте ыңғайлы болады. Өйткені Pika Labs идеяларыңызды дамытып, суреттерге жан бітіріп береді.
3. ModelScope Text-to-Video
ModelScope — Alibaba Cloud жасап шығарған нейрон желісі. Мәтін түрінде жазылған сипаттамаларға сай видео жасауға көмектесетін сыртқы хабарлама сервистерінің бірі.
ModelScope мүмкіндіктері:
- Мәтінге байланысты 2 секундтық видеолар жасап береді.
- Коды ашық — пысықтап, модельді дамытуға болады.
- API арқылы жұмыс істеуге болады — яғни өз қолданбаңызға интеграциялай аласыз.
Тарифтері:
- Толықтай тегін — жазылып жүрмейсіз, еш шектеу жоқ. Бірақ енді сапа жағынан коммерциялық сервистерге қарағанда әлсіз екенін мойындау керек. Еш шығын шығармай жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін сынап көргісі келетіндерге жақсы құрал.
4. Lumiere
Люмьер — Google Research шығарған жаңа нейрон желісі. Оның көмегімен реал видеороликтер жасауға болады. Модель видеодағы қимыл-қозғалысты реттеп тұратын бірегей кеңістік және уақыт синтезі әдісін қолданады.
Ерекшелігі неде?
- Мәтін мен сурет бойынша видео генерациялап береді.
- Анимациясы өте шынайы шығады.
- Неше түрлі стиль бар.
Тарифтері:
- Қалың көпшілікке арналған нұсқасы әзірге шыққан жоқ
- Бәлкім, болашақта ақылы нұсқасы шығып қалар.
Lumiere әзірге сынақтан өткізіліп жатыр. Сондықтан коды жабық, басқалар қолдана алмайды.
5. Sora
Sora — OpenAI жасап жатқан, көпшілік күтіп жүрген модельдердің бірі. Мұнда 1 минутқа дейінгі видеолар генерациялауға болады деседі. Басқа генерация модельдерінен ерекшелігі сол — Sora объектілердің физикасын, әрекеттерінің логикасын қадағалайды.
Sora функциялары:
- Видеороликтердің ұзақтығы 60 секундқа дейін.
- Жасаған объектілерінің сапасы мықты.
- Қимыл-қозғалыс өте шынайы шығады.
- Сахна, тип, жарық — бәрін терең түсінеді.
Тарифтері:
- Бұл модель де әзірге көпшілікке шыққан жоқ.
- Релизі жасалған соң ақылы жазылуға болады деседі.
Sora видео генерациялайтын модельдердің ішіндегі ең мықтысы болуы мүмкін деген пікір айтылып жатыр. Бірақ әзірге көпшілік оны қолдана алмайды.
Қай нейрон желісі жақсы?
Ол енді сіздің қандай мақсатта қолданатыныңызға байланысты. Атап айтқанда:
- Креатив анимация керек болса, Pika Labs.
- Мәтін арқылы видео жасау керек болса, Runway Gen-2, Люмьер.
- Тегін қолданғыңыз келсе, ModelScope.
- Жетілген нұсқа, қуатты технология қажет десеңіз, Sora (болашақта шығады).
Еске сала кетсек бұған дейін жасанды интеллектімен енді жұмыс істеп бастағандарға арналған нұсқаулық дайындаған едік. Жаңа юзерлер жиі жіберетін қателіктерді шолып шыққан материалды мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.