Астана әуежайында ауа райына байланысты қанша рейс кешігіп жатыр

Ауа райының бұзылуына байланысты Астана халықаралық әуежайында әуе рейстері уақытынан кешігіп жатыр. Әуежай баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі күні жоспарланған 84 ұшып шығу рейсінің алтауы кешіктірілген. Олардың ұшу уақыты кейінге қалдырылды.
Рейстердің кешігуінің негізгі себебі ауа райының қолайсыздығы болып отыр. Ұшып келуге жоспарланған 86 рейстің 8-і дәл осы себеппен кешіктірілген.
«Әуежай штаттық режимде жұмыс істейді. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында перрон мен ұшу-қону жолағын тазалау жұмыстары үнемі жүргізіледі. Әуеайлақтың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін 23 дана мамандандырылған техника пайдаланылады»,– делінген хабарлмада
Жолаушылар рейстердің күйін және кестедегі ықтимал өзгерістерді төмендегі жолдар арқылы тексере алады:
- Авиакомпаниялардан
- Әуежайдың ресми сайтынан: www.nn-airport.kz
- Тәулік бойы жұмыс істейтін әуежайдың байланыс орталығы бойынша: 8 (7172) 702-999.
Еске салайық, бүгін, 10 наурызда, «Қазгидромет» елдің бірқатар өңірінде, соның ішінде Астана мен Ақмола облысында да дауылды ескерту жариялаған болатын. Ал, «ҚазАвтоЖол» күн райының бұлуына байланысты Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында жолдардың жабылғанын хабарлады.