Шымбұлақта шаңғышылардың кесірінен қар көшкіні жүрді

Шымбұлақта үш туристің кесірінен қар көшкіні жүрді. Ақпаратты Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті растады.
«2025 жылғы 10 наурызда Медеу ауданы, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты. «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің мәліметінше, №26Б, 26Г көшкін үйінділерінде қар көшкіні болды. 112 желісіне құрбандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ», – делінген Алматы төтенше жағдайлар департаментінің жедел ақпаратында.
Ведомствоның нақтыланған ақпаратына сенсек, бүгін, 10 наурызда «Шымбұлақ» ТШК-да жолдан тыс шаңғышылармен сырғанау кезінде (3 турист) тау бөктеріндегі еңісті кесіп өтіп, шамамен 3500 текше метр көлемінде қар көшкінін тудырған.
Құтқарушылар бұған дейін тауларда қар көшкіні қаупі туралы дауылды ескерту жарияланғанын және алдағы күндері де сақталатынын еске салды.
«Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» дауылды ескертуіне сәйкес 11 наурызға дейін қар көшкіні қаупі сақталатынын хабарлайды!», – делінген хабарламада.
Осыған дейін ТЖМ күннің күрт жылынуынан Алматы тауларында көшкін жүру қаупі бар екенін ескерткен. Құтқарушылар мен «Қазселденқорғау» қызметкерлері бірлесіп, адам көп жүретін аймақ – “Шымбұлақ» тау шаңғы курортында 3200 метр биіктікте профилактикалық қар түсіру жұмысын жүргізген. Нәтижесінде 3500 текше метр қар түсірілген болатын.