Бір жабылып, қайта ашылған «EL ARNA» ақыры жабылатын болды

«EL ARNA» телеарнасы «Хабар» телеарнасымен біріктіріліп, қызметін тоқтатады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлім етті.
Оның айтуынша, мұндай шешім мемлекеттік медиаларды оңтайландыру аясында қабылданған.
«Отандық медиакеңістіктегі қарқынды өзгерістерді ескере отырып және мемлекеттік ресурстарды оңтайландыру үшін «EL ARNA» және «Хабар» телеарналарын біріктіру туралы стратегиялық шешім қабылданды. Бұл қадам, ең алдымен, отандық телекомпаниялардың жұмыс тиімділігін арттыруға және қазақстандық контент аудиториясын кеңейтуге бағытталған», – дейді министр.
«EL ARNA» және «Хабар» телеарналарын біріктіру 2025 жылдың 1 мамырына дейін аяқталады. «EL ARNA»-ның кей контенті «Хабар» арнасының эфиріне өтеді.
Министрдің айтуынша, «EL ARNA» телеарнасының бағдарламаларын өндіру және таратуға бөлінген қаржы «24KZ» және «Хабар» сияқты телеарналардың контентін күшейтуге және техникалық базасын уақтылы жаңартуға қайта бөлінеді.
«EL ARNA» телеарнасы 2000 жылдың 22 наурызында алғашқы ұлттық мемлекеттік тілдегі арна ретінде «Хабар-2» атауымен құрылған. 2002 жылдың наурызында атауы «EL ARNA» болып өзгертіліп, екі тілде хабар таратуға көшті. 2014 жылдың наурызында арна жұмысын тоқтатып, оның жиілігінде «24KZ» жаңалықтар телеарнасы іске қосылды. 2017 жылдың 27 наурызында «EL ARNA» жаңа форматта отандық киноарна ретінде қайта іске қосылып, 2024 жылдан бастап «EL ARNA» жастарға арналған ойын-сауық арнасы ретінде қайта құрылымдалған.
Бұған дейін, ақпан айының соңында «Курсив» газетінің соңғы саны шыққан болатын.