Жаңалықтар

Министр елде жұмыссыз жүрген ғалым жоқ екенін айтты

Министр елде жұмыссыз жүрген ғалым жоқ екенін айтты
Министр елде жұмыссыз жүрген ғалым жоқ екенін айтты/Фото: Gov.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке жұмыссыз жүрген ғалымдардың жайы туралы сұрақ қойылды.

Министрдің сөзінше, бүгінде елде 25 мыңнан астам ғылыми қызметкер бар. Оның 3 мыңы министрлік құрылғалы қатарға қосылған.

«Бізде жұмыссыз жүрген ғалымдар туралы ақпарат жоқ. Бәрі ЖОО-ларда, ғылыми-зерттеу институттарында ашылып жатқан жекеменшік ғылыми компанияларда тіркелген. Жалпы ғылымды қаржыландырудың өсуі, баспанамен қамтамасыз ету, жас ғалымдарға берілген гранттар, ғылыми лауазымдарға байланысты төлемдер ғылым саласының жағымды бейнесін қалыптастыруда», – дейді министр.

Саясат Нұрбек ғылымға көңіл бөліне бастағалы көптеген мамандар салаға қайта келіп жатқанын айтады. Бүгінде ғылымдағы жас мамандардың үлесі 46%-дан асқан.

«Жалпы ғылым жолында істеудің жағымды авторитетін қайтарып жатырмыз», – дейді ол.

Бұған дейін, Ғылым және жоғары білім министрлігі бірыңғай уақыт белдеуінің азаматтарға әсерін зерттеуге арналған қаржыны екі есеге қысқартқан.

Ал бүгін сол зерттеудің қорытындысы жарияланды.