Берік Уәли президентке 2,2 трлн теңгелік жоспары туралы баяндады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Президент Берік Уәлиді қабылдады
Президент Берік Уәлиді қабылдады / Фото: Ақорда; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы хатшысы, қазіргі Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдаған. Бұл Ақорда хабарлады.

Уәли президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп беріп, алдағы кезеңге арналған даму жоспарын таныстырған.

Облыс әкімі қызметіне кіріскен бойда, жергілікті бюджеттің шығыс және кіріс бөлігіне жан-жақты талдау жүргізгенін мәлімдеген. Нәтижесінде қаржыландырудың басым бағыттары анықтап, 24 инвестициялық жобаның тізімі жасақталған. 2028 жылға дейін жүзеге асырылатын бұл жобалардың жалпы құны 2,2 трлн теңгені құрайды. Егер алдағы 3 жылда бұл жобалар жүзеге асса 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп болжанады.

«Оның ішінде алты жоба биыл іске қосылады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен бірге жаңа әкім облыстағы әлеуметтік нысандар мен коммуналдық инфрақұрылым жаңғыртылатынын жеткізген. Семейдегі жалғыз аспалы көпірдің жаңғыртылып, Ертіс өзені арқылы өтетін тағы бір көпірдің салынатынын айтқан. Көпірлерге жүктемені азайту мақсатында айналма жол салу жоспарымен де бөліскен.

Президент өңірдің қарқынды дамыту жолдарын қарастырып, өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді тапсырған. Сонымен бірге Абайдың 180 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шараларды лайықты деңгейде ұйымдастыруды тапсырған.

Айта кетейік Берік Уәлидің Абай облысының әкімі лауазымына сайланғанына 1 ай толмады. Өңір басшылығына келген ол жұмысын қол астындағыларға сөгіс жариялаумен бастады. Облыс әкімдігінде өткен жиналыста жаңа әкім Табиғи ресурстар басқармасының басшысы Айнұр Ақмырзаға өңірдегі көпірлерді өз көзімен тексермегені үшін сөгіс жариялаған. Бұдан бөлек әкім Семей қаласында биіктігі 50 метрді құрайтын айналмалы дөңгелек салуды тапсырған.

Сондай-ақ оқыңыз