
Уақыт белдеуінің қазақстандықтардың денсаулығына еш зияны жоқ. Үкімет зерттеу жүргізе келе осындай шешімге келген.
Министр Арман Шаққалиевтің айтуынша, мәжілістің «Аманат» фракциясының отырысында бірыңғай уақыт белдеуі мәселесін талқылау бойынша біршама талдау жұмыстары жүргізілген. Бұл жұмыстарға медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология салаларындағы зерттеу институттарының салалық ғылымдары, мәслихат депутаттары мен мүдделі тұлғалар қатысқан. Жұмыс барысында бірыңғай уақыт белдеуінің халық денсаулығына, энергия тұтыну және еңбек өнімділігінің әсеріне мониторинг жүргізілген. Сарапшылар уақыт белдеуінің өзгеруіне дейінгі және одан кейінгі көрсектіштерін салыстырған. Нәтижесінде жаңа уақыт белдеуі қазақстандықтардың денсаулығына теріс әсер етпеген деген қорытынды шығарған.
«Нақты деректерге негізделген нәтижелер – уақыт белдеуінің өзгеруі халық өмірінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсері болмағанын айқындайды», – деді министр.
Ал мәслихат депутаттары уақыт белдеуін емес, жұмыс кестесін аусытыруды жөн деп тапқан.
ШҚО халқы жаңа уақыт белдеуіне бейімделіп, жұмыс кестесін ауыстырған. Министр ыңғайлы болу үшін басқа өңірлердің де жұмыс кестесін ауыстыра алатынын айтты. Шығыс Қазақстан облысының аудандары ақпан айының аяғында жұмыс кестесін ауыстырған болатын.
«Мемлекет басшысы парламентке аталған мәселені егжей-тегжейлі қарап оңтайлы шешім қабылдауды тапсырғанын білесіздер. Министрдің баяндамасында айтылғандай, мониторинг бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы қабылданған шешімнің теріс әсері жоқ екенін көрсетті», – деді премьер-министр Олжас Бектенов.