
Енді қазақстандықтар «Болашақ» халықаралық стипендиясымен бакалавр дәрежесін де ала алады. Ғылым және жоғары білім министрлігі үміткерлерді іріктеу тәртібін өзгертіп жатыр.
Министрлік жарлығының жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды. Құжатты 2025 жылдың 12 наурызына дейін талқылауға болады.
Бұған дейін халықаралық стипендия магистрант, докторант (PhD) және шетелде тәжірибеден өткісі келген қазақстандықтар үшін ғана тағайындалып келген. Енді Үкімет стипендиясына шетелдегі жоғары оқу орындарына бакалавриат бағдарламасына түскен абитуриенттер де таласа алады.
«Болашақ» стипендиясына үміткер атану үшін:
- Үкімет бекіткен шетелдегі танымал университеттердің біріне оқуға қабылдану;
- қазақ тілін жеткілікті деңгейде меңгеру;
- кейінгі үш жылда халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалар немесе орындау шеберлігі (таңдаған мамандық бойынша) байқауларының жүлдегері болу керек.
Құжатта шетелдегі жоғары оқу орнына тегін түскен азаматтар да байқауға қатыса алады. Бірақ ол үшін оқу ақысын білім мекемесі немесе басқа бір ұйым төлеуі керек.
«Болашақ» стипендиясына үміткерлер порталға мынадай мәліметтерді тіркейді:
- жеке мәліметтері туралы сауалнама;
- аттестаттың немесе техникалық және кәсіби білімі туралы дипломның көшірмесі, құжат қосымшасы;
- халықаралық олимпиада немесе байқау жүлдегері атанғанын растайтын құжат (бар болса);
- қазақ тілін меңгергені туралы куәлік;
- шетелге шығу үшін медициналық анықтама;
- шетелдегі жоғары оқу орнына қабылданғанын растайтын құжат (қажет болған жағдайда нотариус бекіткен аудармасы);
- ата-ананың немесе қамқоршының нотариус бекіткен келісімі (кәмелет жасқа толмаған балалар үшін);
- егер студент шетелде оқып жүрсе, онда үлгерімі туралы анықтама, орташа бағасы және бақалау жүйесі туралы мәлімет жолдайды;
- шабыт хаты.
Бұған дейін Kursiv.Media «Болашақ» бағдарламасына құжат қабылдау басталғанын жазды. Құжат қабылдау жарты жылға созылып, биыл 17 қазанда аяқталады. Іріктеу 1 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында өтеді. Халықаралық стипендиядан үміткер құжаттарын egov.kz порталы арқылы өткізе алады.