Lifestyle

IQAir: Қарағанды, Теміртау – ең лас, Жезқазған, Шу – ауасы таза қала

Қазақстанның бірнеше қаласы таза ауа талаптарына сай емес / фото: Valeri Luzina / shutterstock

IQAir мәліметінше, әлемдегі 12 ел ғана Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының таза ауа талаптарына сай келеді. Ұйым Қарағанды мен Теміртауды ең лас, ал Жезқазған мен Шуды ең таза қалалар қатарына қосты.

Лас ауадан жылда 8 млн адам өледі

Ауа сапасын бақылаушы IQAir швейцариялық ұйым мамандары әлемнің 138 еліндегі 40 мыңнан аса станция мәліметін тексеріп, әлем картасын дайындады. Зерттеу нәтижесінде ұйым Жер шарындағы қалалардың 17% ғана таза ауа талаптарына сай екенін анықтады. Мамандар шаһар ауасындағы PM2.5 бөлшегінің қаншалықты көп екеніне назар аударды.

PM2.5 – құрамына қатты микробөлшектер ғана емес, ұсақ сұйық түйіршіктер де кіретін ауа ластағыш. Оның ауада көптеп жиналуына автокөліктерден шыққан түтін, дөңгелектің асфальтқа үйкелісі, жолдың эрозияға ұшырауы, өндірістердің барлық дерлік түрі, тіпті ауыл шаруашылығындағы аммиак та әсер етеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлем халқының 99%-ы таза ауа талаптарына сай емес аудандарда өмір сүреді. Бір ғана 2021 жылдың өзінде 8,1 млн өлім ауа ластығына байланысты екені анықталған. Өлімнің 58%-ына ауаның PM2.5 бөлшектерімен ластануы себеп болған.

Ұйым PM2.5 лас бөлшектері демікпе, қатерлік ісік, инсульт және өкпе ауруларын қоздыратынын ескертіп отыр. Бұған қоса, осындай ұсақ бөлшектердің анаға жүктілік кезінде және жас балаға әсері туабітті жүрек жетіспеушілігі, экзема және аллергия ауруларын тудырып, баланың тез жетілуіне, жүйке жүйесінің дамуына және психикалық денсаулығына кері әсер етеді.

Қарағанды – әлемдегі ең лас үшінші қала

Ұйым дайындаған әлем картасында 8 954 қала бар. Оның ішінде Қазақстанның оннан аса шаһарының ауасына қатысты мәлімет берілген.

Әсіресе Қарағанды қаласының әлемнің ең лас үш шаһарының қатарына кіргені қынжылтты. Мұнда 2024 жылы PM2.5 көрсеткіші 104,8 (мг/м3)деп берілген. Ең лас қалалар рейтингінде үшінші орында тұр.

Одан шамамен 200 шақырым жерде орналасқан Теміртау қаласының да ауасы өте лас. Мұнда PM2.5 көрсеткіші – 43,5. Теміртау – ең лас қалалар рейтингінде 216-орында тұр.

Талғар қаласы да кері көрсеткішпен көзге түсті. PM2.5 – 32,7. Талғар рейтингте 460-орында тұр.

Ауасы лас қалалар қатарында Алматы (20,3), Астана (15.4), Боралдай (23,7), Өскемен (20,9), Шымкент (19,9), Ақтау (18,8) Павлолар (15.4) және Қаскелең (17,8) бар.

Атырау қаласына тиіп тұрған Балықшы кентіндегі жағдай аса мәз емес – 32,1.

Осылардың бәрі ауасы лас қалаларға жатады.

Қазақстандағы ауасы ең таза қала – Шу

Республикадағы ауасы ең таза қалалар көшін Жамбыл облысындағы Шу қаласы бастап тұр. Мұнда 2024 жылы PM2.5 көрсеткіші бар болғаны 1,5 екені анықталған. Қарағанды көрсеткішімен салыстырсақ, одан шамамен 70 есе таза!

Сөйтіп шағын ғана Шу Қазақстанның ғана емес, әлемде ауасы ең таза қалалар қатарына енді.

Жезқазған қаласының ауасы да лас бөлшектерден айтарлықтай тазарған. Мұнда былтыр PM2.5 көрсеткіші 2,3 қана болған. 2023 жылы 4,3 еді. Қаланың бір жыл ішінде лас бөлшектен әжептәуір тазарып шыға келгеніне не себеп болғаны бізге белгісіз.