Қазақстан экономикасы қаңтар-ақпан айларында 5,4% өскен

Қаңтар-ақпан айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнім өсімі 5,4%-ды құраған. Бұл туралы Үкіметттегі экономиканы дамыту жөнінде кеңес барысында айтылды.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринның баяндамасына сәйкес, тауар өндірісі мен қызмет көрсету секторында өсу серпіні жақсарған. Ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,7%-ға артты.
«Өңдеу өнеркәсібі бойынша бұл көрсеткіш 8,9%-ды құрады. Негізгі салалар ішінде машина жасау (18,2%), азық-түлік өндірісі (13,1%), құрылыс материалдары өндірісі (21,6%) және металл бұйымдары өндірісі (20,1%), сондай-ақ химия өнеркәсібі (9%) жоғары көрсеткіштер көрсетті. Тау-кен өнеркәсібінде өсім 4,1%-ды құрады», – делінген хабарламада.
Құрылыс саласында орындалған жұмыстардың көлемі 408,1 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 112,8%-ды құрады.
Сауда саласында 6%-дық, ал көлік және қоймалау қызметінде 21,3%-дық өсім тіркелді. Астық тасымалы 43%-ға артып, 2,4 млн тоннаға жетті, ал ұн өнімдерін тасымалдау 12%-ға көбейді.
Премьер-министр Олжас Бектенов экономикалық өсімді бәсеңдетпеу керегін атап өтіп, жоспарлы көрсеткіштерге жету үшін жұмысты күшейту қажеттігін тапсырды.
Қазақстан экономикасының өсімі
2020 жылғы короновирус пандемиясы ел экономикасына кері әсер етіп, сол жылы жалпы ішкі өнім 2,5 пайыз ғана өсті. Одан кейінгі жылдары орташа өсім 4,4%-ды құраған.
Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасы жылына кемінде 6 пайыз өсім көрсетуі керек деген міндет қойды. 2023 жылы ол 2029 жылға қарай ЖІӨ-екі есеге артуы тиіс деген.
Халықаралық талдау ұйымдар (әсіресе, Дүниежүзілік банк) соңғы жылдары Қазақстан экономикасының өсуі көбінесе мемлекеттік шығынның артуы есебінен екенін еске салудан жалықпайды. Қазақстанның мемлекеттік қаржы жағдайы бұл пікірді толықтай растамаса да, жоққа шығаратындай дәлел аз.
Оған қоса, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері арансыда экономикасы құлдырап, ЖІӨ бойынша ең төмен өсім көрсеткен ел – Қазақстан.