Көрісу күні қашан және қалай тойланады

Жарияланды 12 Наурыз 2025 13:25

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Көрісу күні қашан және қалай тойланады / фото: shutterstock

Көрісу күні – қазақ халқының ежелден келе жатқан достық пен бірлікті, ағайын арасындағы сыйластықты дәріптейтін мейрам. Бұл күн әр жылы 14 наурызда атап өтіледі. Әсіресе, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау өңірлерінде кеңінен тойланады. Кейінгі жылдары бұл дәстүр еліміздің басқа да аймақтарында белсенді түрде жаңғырып келеді.

Көрісу күнінің мағынасы мен ерекшелігі

Көрісу күні – қыс аяқталып, табиғаттың жаңаруымен қатар, адамдардың да бір-бірімен қауышып, жаңа күнді бірге қарсы алуына арналған мейрам. Бұл күні жұрт жасы үлкендерге арнайы барып, қол алысып, амандасып, ізгі тілектерін білдіреді.

Ежелгі дәстүр бойынша, қыс бойы алыстап, көріспей кеткен ағайын-жұрт көктем шыға бір-біріне сәлем бере барып, амандық-саулық сұрасқан. Бұл күні «Жасың құтты болсын!», «Бір жасыңмен!», «Жаңа жыл құтты болсын!» деп тілек айту дәстүрге айналған.

Көрісу күнінің басты ерекшеліктері

  • Бұл күні жастар ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың үйіне арнайы барып, қол алысып, бата алады.
  • Көрісу күні адамдар арасындағы өкпе-реніштер ұмытылып, татуласу жүзеге асады. Бұл – ағайын арасындағы бірлікті нығайтатын, жүректерді жақындататын күн.
  • Әр үйде кең дастарқан жайылып, наурыз көже, бауырсақ, қымыз, шұбат секілді ұлттық тағамдар әзірленеді.
  • Қонаққа келгендерге сый-сияпат жасалып, ақ дастарқан басында игі әңгімелер айтылады.
  • Көрісу күні наурыз мерекесінің бастауы болып есептеледі.
  • Бұл күні ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жыр-термелер орындалады.

Көрісу күнінің тарихи маңызы

Көрісу дәстүрі тек қазақ халқына ғана емес, ноғай, қарақалпақ, башқұрт, татар секілді туыстас халықтарға да ортақ. Бұл мерекенің түп-тамыры ежелгі көшпенді дәуірден бастау алады. Қыс бойы бір-бірімен байланыса алмаған көшпенді жұрт көктем келісімен амандық-саулық сұрасып, «Көрісу күні» мейрамын тойлаған.

Бүгінде бұл дәстүр ұмытылмай, қайта жаңғырып келеді. Қазақстанның батыс өңірлерінде мемлекеттік деңгейде атап өтіліп, басқа аймақтарда да танымалдылығы артып келеді.

Бұған дейін Наурыз мерекесінің шығу тарихы туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз