Жаңалықтар

Алматыда Hyundai, GWM, Chery брендтеріне арнап автомобиль орындықтарын жасайтын зауыт ашылды

автокресло
Алматыда Hyundai және Chery, Great Wall Motors брендтеріне арнап автомобиль орындықтарын жасайтын зауыт жұмысын бастады / Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда Hyundai және Chery, Great Wall Motors брендтеріне арнап автомобиль орындықтарын жасайтын зауыт ашылды. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматының индустриалды аймағында Almaty Autoparts Production жаңа зауытының ашылу салтанаты өтті. Кәсіпорын автомобиль орындықтарын шығарады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Кәсіпорын қуаты

Almaty Autoparts Production зауыты жылына 100 000 жиынтық автомобиль орындықтарын шығарады. Мұнда Hyundai, Great Wall Motors, Chery брендтеріне арналған автокреслолар дайындалады.

Зауыт отандық көлік зауыттарының автокомпоненттер импортына тәуелділігін азайтады деп күтілуде. Сонымен бірге кәсіпорын мультимедиялық жүйелер, автомобиль орындықтары және басқа да автокомпоненттер өндірісін біріктіретін технопарктің бір бөлшегіне айналады.

Зауыт туралы

Бұл зауытқа 4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Кәсіпорынның жалпы аумағы 4 850 шаршы метрді құрайды. Зауыт құрылысы 2023 жылы басталған. Ал өндіріс жаңадан ғана, яғни 2025 жылдың наурыз айында толық іске қосылған.

«Кәсіпорынның басты мақсаты – автомобиль кластерін дамыту, автокомпоненттер өндірісін жергіліктендіру және машина жасау саласында білікті мамандар даярлау», – делінген баспасөз хабарламасында.