Жаңалықтар

Сахалар мен буряттар неге Қазақстанды өз үйіндей сезінеді? (видео)

Сахалар мен буряттарды қазақстандықтар бауырындай қарсы алған./фото: chatgpt
Сахалар мен буряттарды қазақстандықтар бауырындай қарсы алған./фото: chatgpt

Ресейден келген сахалар мен буряттар Қазақстанды өз үйіндей сезінеді. Арасында қазақстандық қыздарға үйленіп алғандары да бар.

Kursive.Media Youtub арнасы «Сахалар мен буряттар Қазақстанға не үшін келіп жатыр?» деген тақырыппен бейнематериал жариялады. Онда ресейлік релоканттардың Қазақстанды не үшін таңдағаны айтылады.

Аюр Нагуслаев не дейді?

Мәселен, ұлты бурят Аюр Нагуслаевты қазақстандық достары шақырыпты.

«Қазақстанға келдім. Келгеніме еш өкінбеймін. Ешқандай қиындық туған жоқ. Ешқандай барьер болмады. Өзімнің кіші отаныма келген сияқтымын. Өйткені менталитет ұқсас. Буряттар мен қазақтардың ешқандай айырмасы жоқ», – дейді Аюр Нагуслаев.

Оның айтуынша, Бурятия мен Қазақстандағы тойшылдық, ас мәзірлері де, отбасылық институты мен қонақжайлық та өте-мөте ұқсас. Аюр қазақстандық қызға үйленген. Қайынжұртының тойшылдығы оны қатты таңырқатқан.

Светлана Бугаева қалай келді?

Екінші кейіпкер Светлана Бугаева Қазақстанға қалай көшіп келгені туралы баяндап берді.

«Мен Қазақстанға 2022 жылы наурыз айында келдім. Ол кезде бұрынғы күйеуімнің компаниясы Қазақстанға барлық қызметкерін көшірді. Сахадан Алматыға дейін бір тәулік ұшақпен ұштық. Ол кезде ковид шектеулері болды. Ұдайы маска тағып жүру керек еді. Қазақстан да екі апта бұрын бұл тыйымды алып тастаған екен. Масканы шешуге болатыны бізге еркіндік сезімін берді», – дейді Светлана Бугаева.

Эркин Алексеевті Алатау таңырқатқан

Эркин Алексеев 2024 жылға дейін Саха астанасы Якутск қаласында тұрған. Ресейден кетуді ұйғарғанымен, бірақ қай елді таңдау керек екенін нақты білмеген.

«Моңғолия мәдени тұрғыдан жақын болғанымен, моңғол тілді халық. Ағылшын тілін де, орыс тілін де білмейді. Сондықтан Қазақстан бұл жағынан тартымды көрінді. Ағам екеуміз Алматыда тұруға тоқталдық. Ағам бұрын бұл жерде болған. Оған қатты ұнаған. Мен оның пікіріне құлақ асуды қаладым», – дейді Эркин.

Ол Алматыға көшіп келгеніне өкінбейтінін айтады. Бірақ көшіп келу оңайға соқпаған. Өйткені ресейліктердің Қазақстанға үдере келіп жатқан кез еді.

«Алматының үлкендігі таңырқатты. Мұндай үлкен қала деп ойламадым. Алматының биік таудың қасында орналасқанын да білмедім», – дейді Алексеев. Оның түсінігінше, Қазақстан – ұлан-ғайыр дала. Тау бар деп ойламаған.

Дьулустан Осипов кәсібін дөңгелетіп жатыр

Саха Дьулустан Осипов – кәсіпкер. Саха елінде үлкен білім беру орталығы болған. Онда мыңдаған балалар цифрлық және креативті технологиялармен айналысады.

«Біз Алматыда үшінші жыл тұрып жатырмыз. Осы жерде де балалар мен жасөспірімдерге бағытталған білім беру бизнесін дамытып жатырмыз. Біздің мектебіміздің ІТ саласында бірнеше бағыты бар. Саха елі тек қана жақұттарымен ғана емес, ІТ компанияларымен де танымал», – дейді Осипов.

Оның айтуынша, Қазақстанда да ІТ саласы дамып келеді.

«Біз ашқан компания қазір «Астана хаб» резиденті болды. Салықтық преференция алады. Ақпараттық қолдау көрсетіліп жатыр», – дейді кәсіпкер.

Релоканттардың айтуынша, Қазақстан қазір кіші отанына айналған. Қазақстандықтар оларды бауырындай қарсы алған.

2024 жылдың алғашқы 10 айында Қазақстанға шетелден 13 072 955 адам келгені, оның 557 555 шетелдік уақытша тұруға рұқсат алғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

YouTube video player