Қандай банктен депозит ашқан тиімді?

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қай банкте депозитке ақша жинаған тиімді / Фото: MMD Creative / shutterstock

Осы жылы наурыздан бастап Депозиттерге кепілдік беру қоры (ДКБҚ) депозит бойынша шекті мөлшерлеме белгілеуді тоқтатты. Яғни банктер депозит сыйақысын өздері белгілейтін болады. Қазір елдегі қаржы ұйымдарындағы депозит мөлшері қандай? Қай банкте ақша жинаған тиімді? Kursiv.Media шолуын ұсынамыз.

Банктердегі депозиттік мөлшерлемелер әртүрлі факторларға байланысты өзгеріп отырады. Оған депозит мерзімі, банктің саясаты немесе нарықтағы жағдай да әсер етуі мүмкін.

Kaspi Bank

Kaspi Bank – тұтынушыларына екі түрлі депозит ұсынады:

  • Kaspi Депозит. Номиналды мөлшерлемесі -14%. Кемінде 1000 теңгеден бастап салу керек. Сақтау мерзімі – 12 ай, кез келген уақытта депозиттегі ақшаны шешіп алуға болады.
  • Kaspi Жинақ. Мөлшерлемесі – 17%. Кемінде 500 мың теңгеден бастап салу керек. Сақтау мерзімі – 6 ай, оған дейін шешіп алуға болмайды. Егер ертерек жапқыңыз келсе, сыйақы мөлшерлемесі берілмейді.

Altyn Bank

Бұл банкте «Алтын қор», «Резерв», «Резерв+»​ атты бірнеше депозит түрлері бар. Номиналды мөлшерлемесі 13%-дан 17%-ға дейін жетеді. Бірақ депозитке кемінде 10 мың теңгеден бастап ақша салуыңыз керек.

«Алтын қор» атты депозитте қаржыны мерзімінен бұрын шешіп алуға болады. Бірақ шотта кемінде 10 мың теңге қалуы қажет. Ал «Резерв», «Резерв+» атты салымдарда ақшаны уақытынан бұрын шешіп ала алмайсыз. Кемінде 3 айдан 3 жылға дейін қаржы жинауға болады.

Jusan Bank

Jusan Bank-тегі депозит мөлшерлемесі 14,0% – 14,7% аралығын құрайды. Кемінде 1000 теңгеден бастап салуыңыз керек. Кез келген уақытта ақшаны салып, кез келген уақытта шешіп ала беруге болады. Қаражатыңызды үш айдан бір жылға дейін сақтай аласыз.

Сондай-ақ ЖОО-да білім алу үшін қаражат жинауға арналған «Ақыл» атты депозит бар. Жылдық мөлшерлемесі 12,7%, 3 жылға дейін сақтауға болады. Атап өтетін нәрсе, мемлекет тарапынан берілетін 5%-дық сыйақы да бар.

Home Credit Bank

Бұл банкте депозиттің бірнеше түрі бар. Номиналды мөлшерлемесі 13,8%-дан басталады. Кемінде 1000 теңге салып, 12 айға дейін жинай аласыз.

«Сберегательный Хоум» және «Сберегательный акцион» атты депозиттерде номиналды мөлшерлеме 13,97%-ден 16,55%-ға дейін. Кемінде 100 мың теңге салуыңыз керек, депозит 2 жылға дейін жетеді.

Сондай-ақ «Қазпошта» бөлімдері арқылы да депозит рәсімдей аласыз. Мөлшерлемесі 13,8%-ды құрайды.

Halyk Bank

Халық банкінде депозиттің екі түрі бар. «Әмбебап» депозитте жинаққа кемінде 1000 теңге салуыңыз керек. Мерзімі – 12 ай, кез келген уақытта толықтырып немесе қаражатты шешіп ала беруге болады.

«Максималды» жинақта қаражатты 2 жылға дейін жинай аласыз. Кемінде 15 000 теңге салуыңыз керек, бірақ мерзімінен бұрын шешіп алу қарастырылмаған.

Bank RBK

Банкте бірнеше депозит түрі бар. Grand жинағындағы депозит мерзімі 2 жылға жетеді. Пайыздық мөлшерлеме – 16%, мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды.

Егер балаңыздың болашағы үшін қаржы жинағыңыз келсе, Dream депозитін таңдаңыз. Номиналды мөлшерлемесі 13,5%-ға жетеді, мерзімі – үш жыл.

Freedom Bank

Банкте үш түрлі депозит бар. «Жинақ» депозитінде номиналды мөлшерлеме 9,2%-дан 15,0%-ға дейін жетеді. Теңге, еуро, доллар мен рубль де сақтауға болады. Кез келген уақытта ақша толықтырып, қайта шешіп алуға болады.

«Стратегия» депозитінде мөлшерлеме 7,2%-16,5%, ал «Капитал» депозитінде 6,4%-17,5%-ды құрайды. Мерзімі екі жылдан үш жылға дейін, бірақ уақытынан бұрын қаражатты шешіп алуға болмайды.

Forte Bank

Форте банкте екі депозит түрі бар. Кез келген уақытта ақшаны шешіп ала беретін жинақта мөлшерлеме 12,8%-дан 14,0%-ға жетеді. Кемінде 1000 теңгеден бастап салуыңыз керек. Мерзімі – бір жыл.

Екінші депозитте қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды. Мөлшерлемесі 14%-ға дейін, кемінде 100 мың теңге салуыңыз керек.

Айта кетейік, аталған банктердің барлығы Депозиттерге кепілдік беру қорында тіркелген. Яғни қаржы ұйымдарының бірін аяқ астынан банкрот болса немесе басқа жағдайға ұшыраса, сіздің депозитіңіз күйіп кетпейді. 10 млн теңгеден 20 млн теңге аралығындағы жинақ үшін Депозиттерге кепілдік беру қоры өтемақы береді.

Депозит таңдағанда неге мән беру керек?

  • Сыйақы мөлшерлемесі: жоғары мөлшерлеме жоғары табыс әкеледі.​
  • Депозит мерзімі: ұзақмерзімді депозиттер әдетте жоғары мөлшерлемемен ұсынылады.​
  • Толықтыру және ішінара алу мүмкіндігі: кейбір депозиттерде бұл мүмкіндіктер шектеулі болуы мүмкін, бірақ олар жоғары мөлшерлеме ұсынады.​

Депозит ашпас бұрын әр банктің шарттарын мұқият зерттеп, өз қажеттіліктеріңізге сәйкес келетінін таңдаған жөн.

Сондай-ақ оқыңыз