Авто

Трамп: Tesla дүкендеріне жасалған шабуыл – ішкі терроризм

Илон Маск басқаратын DOGE мекемесі федералдық бюджетті қысқартумен айналысады / REUTERS/Kevin Lamarqu

АҚШ президенті Дональд Трамп досы Илон Масктың Tesla көрме залдары мен қуаттау станцияларын шабуылдаушыларды «ішкі терроршылар» деп атады.

Компанияның бас директоры Илон Маск Ақ үй әкімшілігінің федералдық үкіметті қысқартушы сойылына айналғандай. Соған байланысты кейінгі бірнеше аптада Құрама Штаттардағы жаппай қысқартуға қарсы топ Tesla-ның сауда нысандарын шабуылдаумен әлек.

«Ұлы америкалық компанияға шабуылдаған терроршылар»

12 наурыз, сейсенбі күні, Ақ үй маңында, қызыл түсті Tesla Model S электрокарының қасында тұрып сөйлеген президент компания нысандарына шабуылдаушыларды ішкі терроршылар деп есептейтінін айтты. Бұл туралы Bloomberg хабарлайды.

«Мен оларды тоқтатам. Дәл солай істеймін. Тоқтатам», – деп мәлімдеді Құрама Штаттар президенті.

Трамптың пікірінше, шабуылдаушылар «ұлы америкалық компанияға орасан зор нұқсан келтіріп жүр».

Дональд Трамп Маскты қолдау мақсатында Tesla сатып алуға уәде берді / фото: REUTERS/Kevin Lamarque

Трамп Tesla сатып алады

Негізінен сипаты бейбіт наразылық акциялары кейінгі бірнеше аптада АҚШ пен Еуропа елдерінде болып жатыр.

Дегенмен Франциядағы автосалондардың бірінде оннан аса Tesla автокөлігі өртенген. Бұған қоса, Линвуд (Вашингтон штаты) полициясы өткен аптада алты электромобильге баттастырып бояу жағып тастағандардың ісін қарап жатыр.

Трамп күдіктілердің бірқатарының аты-жөні белгілі екенін мәлімдеді.

«Бұзық балалар. Біздің мектептеріміз бен университеттерімізге түсетін бұзықтар», – дейді президент.

Ақ үй маңында ұйымдастырылған жиында Трамп әлемдегі ең бай адамды қолдау үшін Tesla-ны сатып алатынын мәлімдеді.

Наразылық акцияларын ұйымдастырушы Tesla Takedown өкілі Құрама Штаттар президентінің мәлімдемесіне қарсы шықты.

«Қоғамдық орындағы бейбіт наразылық – ішкі терроризм емес. Олар бізді қорқытқысы келеді. Бірақ біз оған жол бермейміз», – деп мәлімдеді Tesla Takedown.

Tesla-ның 53 жастағы бас директорының дәулеті 2024 жылғы 17 желтоқсанда 486 миллиард доллар болған. Мұндай байлықты адамзат тарихында ешкім жинаған емес. Құрама Штаттардағы президент сайлауынан кейін Tesla акциялары шамамен екі есе күшейген.

Содан бері кәсіпкердің дәулеті төмендей берді. Саясатқа белсене араласқалы бері Масктан көңілі қалған Еуропа оның өнімін сатып алуды күрт доғарды. Бір ғана Германияда қаңтар-ақпан айларында Tesla саудасы 70%-ға кеміді. Қытайға өнім жеткізу көрсеткіші де өткен айда 49% төмендеген.