
Сәлем салуды «жабайылық» деген Баян Алагөзованың қызы Айсәуле Бақытбек келін болып, сәлем салуға қарсы емес.
Ол бұл туралы Қазақстан ұлттық арнасының «Түнгі студио» бағдарламасында айтты.
Айсәуле енесіне сәлем сала ма?
Онда Айсәуле Бақытбек бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірген еді. Ол тұрмыс құрмай тұрып, енесіне сәлем салуға әзірлікті бастайтынын айтқан.
«Келін болып, сәлем салуға, ерте тұруға дайынсың ба?» деген Қайрат Әділгерейдің жауабына:
«Мен бәріне дайынмын. Бәрі жақсы болады. Сәлем салуға жаттығуға кірісейін», – деген еді.
Ол енесінің керемет адам екенін айтты.
Әкесі мен атасына сәлем салғаны несі?
Бірақ Айсәуле Бақытбектің анасы Баян Алагөзова сәлем салуға үзілді-қарсы. Оның ойынша, сәлем салу – пұтқа табыну екен. Шымкенттен келген қыздардың сәлем салуы оған түрпідей тиген.
Ол подкасттардың бірінде сәлем салуға қатысты ойын айтқан.
«Атама деген құрметім шексіз. Үлкендерге, ер адамдарға құрметпен қараймын. Бірақ иіліп, сәлем салу деген менде атымен жоқ. Маған оны үйретпеген. Үйрете де алмайды. Бұл – менің таңдауым», – деді Баян Алагөзова.
Бұл неге күлкі үйірді?
Танымал актриса әрі продюссердің бұл сөзі көпшіліктің күлкісін келтіріп отыр. Өйткені, қазақ этикеті бойынша, атасы мен әкесіне, жалпы, төркін жаққа ешкім иілмейді. Әйел адам келін болып түскен әулеттің үлкендеріне ғана сәлем салады. Сондай-ақ тек ер адамдарға ғана салынбайды. Жасы үлкен әйелдерге де осындай құрмет көрсетіледі.
Айта кететін жайт, мұндай «жабайылық» ультра заманауи ұлт – жапондардың этикетінде де бар. Ол жақта әйел, еркек демей, бір-біріне иіліп сәлем береді.
Сәлем салу этикеті
Сәлем салу – қазақтың ежелден келе жатқан халықтық этикеті. Сәлем тек қана қайын жұрттына, ата-енесіне салынады. Қазақстанның әр өңірінде әртүрлі салынады. Бір өңірлерде екі қолын айқастырып, аздап қана иілсе, кейбір аймақтарда тізесін бүгеді. Сәлем салған келінге үлкендер бақыт, ұзақ өмір тілеп, алғыс жаудырады.
Бұл дәстүр – жас келіннің көргенділігін, тәрбиелілігін көрсететін бір белгі.
Мұның алдында Баян Алагөзованың қоры сот арқылы заңгерінен миллион теңге өндіріп алғанын хабарлаған едік.