Тоқаев Бурабайдағы Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14 наурыз күні Бурабайда өтетін Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысады.
«Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады»,– деп хабарлады Ақорда.
Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстары Ұлытауда, Түркістанда және Атырауда өткен болатын.
Құрылтай не үшін құрылды?
Ұлттық құрылтай 2022 жылы маусымда Президенттің жарлығымен құрылған. Оның баламасы болған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылды.
Ұлттық Құрылтай – Президент жанындағы кеңесші орган. «Мақсаты – әлеуметтік консолидацияны дамыту идеялары мен нақты қадамдарды дайындау» деп жарияланды. Жылына бір мәрте немесе қажет кезінде өтуі тиіс.
Құрылтайға кімдер қатысады?
Тоқаев оның құрамын 117 адам деп бекіткен болатын. Ұлттық құрылтайға барлық облыстың, сан алуан салалардың, буын өкілдерінің қатысуы қамтамасыз етіліп отыр. Құрылтайға Парламент депутаттары, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдардың, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері де ат салысады. Сонымен қатар аймақтардағы қоғамдық кеңестердің мүшелері де қатысады.