«Костенкода» 46 кеншінің мәйіті алты шақырымға созылған жарылыс аумағынан табылған

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Костенкодағы апат
«Костенко» ісі бойынша айыптау актісі оқылды/Kursiv.media, Айгерім Таубай

Қарағандының Әлихан Бөкейхан ауданы сотында «Костенко» шахтасында қаза тапқан 46 кеншінің ісі бойынша сот процесі өтіп жатыр. 2025 жылдың 13 наурызында мемлекеттік айыптаушылар қылмыстық іс бойынша айыптау актісін оқыды, деп хабарлайды KursivMedia тілшісі.

Сотталушылар туралы не белгілі?

Қылмыстық іс бойынша 10 сотталушы бар. Оның ішінде 9 адам қылмыстық-процестік кодекстің 342-бабы 2-бөлігі негізінде қылмыстық іс сотта қаралып жатқан уақытта қамауда болады. Бұл қатарда бар:

Сергей Мустивко (шахта директоры);

Вадим Ерёмин (шахта директорының өндіріс жөніндегі орынбасары);

Николай Грознов (шахтаның бас инженері);

Виктор Коптенков (апат болған №6 учаскенің бастығы);

Владимир Гонноченко (бас инженердің орынбасары);

Дмитрий Федоренко (бас инженердің қауіпсіздік техникасы жөніндегі орынбасары);

Виталий Пестряк (желдету және қауіпсіздік техникасы жөніндегі бастықтың көмекшісі);

Владимир Шишканов (желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің бастығы);

Төлеген Габдушев (конвейерлік көлік учаскесінің бастығы).

Оныншы сотталушы Дмитрий Коцар (шахтаның бас механигі) қолхат негізінде қамауға алынбаған.

Оларға Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі (тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдай) бойынша айып тағылған.

«Костенко» ісі құжаттары
«Костенко» ісі құжаттары/ Kursiv.media, Айгерім Таубай

Айыптау актісінде не жазылған?

Іс бойынша мемлекеттік айыптаушылар – Әділ Садықов және Бекзат Әшірбеков. Прокурорлар 13 наурызда бірнеше сағат айыптау актісін оқыды. Айыптау актісіне сәйкес, Сергей Мустивко 2018 жылы «Костенко» атындағы шахта директоры болып тағайындалған. Ол шахта қызметіне басшылық етіп, бөлімшенің тиімді өндірістік қаржы-экономикалық қызметін қамтамасыз етуге міндетті болған. Сондай-ақ оған шахтаның өндірістік қызметіне әсер ететін ішкі және сыртқы проблемаға баға беріп, тікелей басшыны уақытылы хабардар ету міндеті жүктелген.

«Сергей Мустивко «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты «Костенко» шахтасының директоры бола тұра нормативті актілер ережелерін, лауазымдық нұсқаулықты өрескел бұзып, өзіне жүктелген міндеттерді елемей, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы ауырлығы орташа қылмыстық құқық бұзушылық жасады.

(…) «Костенко» атындағы шахтада көмір қорларын игеру жөніндегі тау-кен жұмыстарының жоспарына және көмір департаментінің техникалық директоры бекіткен көмір шахталарында шаң мен шаң жарылысынан қорғау жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес, шахтада қолданылатын іс-шаралардың сапасын бақылау және шаңмен күрес жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру шахтаның техникалық басшысына жүктеледі. Яғни, шахтаның бас инженеріне жүктелген. Ал ол шахта директорына тікелей бағынады», – деді мемлекеттік айыптаушы Әділ Садықов.

Іс бойынша мемлекеттік айыптаушылар – Әділ Садықов және Бекзат Әшірбеков
Мемлекеттік айыптаушылар – Әділ Садықов және Бекзат Әшірбеков/kursiv.media, Айгерім Таубай

Айыптау актісіне сәйкес, шахта директорының лауазымдық міндеттері мен ереже талаптарын өрескел бұзғаны 2023 жылдың 28 қазанында «Костенко» шахтасында көмір өндіру барысында метан газ қоспасының жануына әкелген. Өрт басталған кезде шахтада 252 адам болған.

«Шахта туннельдерінде жарылыстың таралу бағыты қаза тапқан шахтерлердің мәйіті табылған орындарға сүйеніп анықталды, ол шамамен 6 шақырымды құрады. Тексеру барысында тергеу жедел тобы болжамды өрт ошағын анықтады. Соған сәйкес, 142 және 144 секциялар арасында өрт шыққаннан кейін жарылыс болған. Содан кейін газдалған қоспа жарылып, содан кейінгі жарылысты тудырған», – делінген айыптау актісіндегі деректерде.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, сот-медициналық сараптама 48 кеншінің көмірсутектен уланып қайтыс болғанын көрсеткен. Ал 28 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алды.

Шахтада бұған дейін де өрт шыққан

Қылмыстық іс бойынша сотталушы Николай Грознов 2018 жылдан бері «Костенко» шахтасының бас инженері болған. Қызмет барысында ол шахтаның техникалық қызметінің өндірістік қызметін қамтамасыз етуге жауапты болды. Оған сотталушы Дмитрий Федоренко (бас инженердің қауіпсіздік техникасы жөніндегі орынбасары) мен сотталушы Владимир Шишканов (желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің бастығы) тікелей бағынған. Олар бекітілген кестеге сәйкес еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша аудиттер жүргізу, жұмыс орындарындағы, санитарлық-тұрмыстық үй-жайлардағы еңбекті қорғаудың, өнеркәсіп қауіпсіздігінің жай-күйі мен жағдайын тексеруге жауапты болған.

Айыптау актісінде шахта ішінде оған дейін де өрт шыққаны, оны шахтерлердің өз күшімен сөндіргені айтылады. Бұған шахта ішінде өрт сөндіру құралдарының жоқтығы себеп болған. Ал өрттің алдын алуға қатысты шаралар көмір өндіру жоспарын орындау мақсатында қабылданбағаны айтылды.

«Өрттің кеншілердің күшімен сөндірілгені туралы шахта басшылығы, оның ішінде шахтаның бас инженері Грознов хабардар болған. Алайда Грознов көмір өндіру кезінде кеншілердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау ережелерін сақтауға жауапты тұлға бола отырып, ол жерде бірнеше рет өрт болғанын біле тұра, кеншілердің өмірі мен денсаулығына қауіп-қатер төндіретін өрттің туындау себебін жоюға қатысты ешқандай шара қабылдамаған», – деді мемлекеттік айыптаушы Бекзат Әшірбеков.

Зерттеу нәтижесінде 2023 жылдың 28 қазанында «Костенко» шахтасында болған өрт пен одан кейінгі жарылысқа газ-ауа қоспасының үйкеліс нәтижесінде пайда болатын механикалық ұшқыннан тұтануы себеп болғаны анықталған.

Мүгедектік тек бір жылға берілген

Сот отырысына марқұм кеншілердің туыстарымен қатар шахтадағы жарылыстан кейін «мүгедектігі бар» деген статус алған жәбірленушілер де келді. Олардың сөзінше, жарылыстан кейін шахтадағы еңбекке жарамсыз болып қалған кеншілерге арнайы статус жарты жылдан аса уақыттан кейін берілген. Оның өзі тек бір жылға берілген.

Соның бірі – Уатай Бралин. Ер адам 2025 жылдың сәуірінде қайта тексеруден өтіп, мүгедектігі бар екенін дәлелдеуі керек. Содан кейін оған берілген бұл статус күшін жоюы да мүмкін немесе басқа топқа ауыстырылады.

«Көп уақыт керек. Екінші топтағы мүгедектігі бар деген статус бір жылға берілді. Келесі айда қайта тексереді. Бұл статусты алып тастауы да немесе үшінші топқа ауыстыруы да, өзгеріссіз қалдыруы да мүмкін», – дейді ол.

«Костенко» шахтасындағы апат

2023 жылдың 28 қазанында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «Костенко» көмір шахтасындағы жарылыс болып, 46 кенші қаза тапты, 28 кенші жарақат алды. Осы апаттан кейін президент Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Содан кейін ArcelorMittal және Қазақстан үкіметі меншік құқығын Қазақстан Республикасына беру жөніндегі мәміле туралы алдын ала келісімге қол қойды.

2023 жылдың 8 желтоқсанында ArcelorMittal мемлекет бақылауындағы Qazaqstan Investment Corporation (QIC) тікелей инвестициялар қорына «АрселорМиттал Теміртауды» сату аяқталғанын жариялады.

Осылайша компания Қазақстан үкіметіне Теміртау мен Ақтаудағы металлургиялық кәсіпорындарды 286 млн долларға сатты. Үкімет пен компания ArcelorMittal Temirtau JSC және ArcelorMittal Tubular Products Aktau JSC металлургиялық кәсіпорындарының барлық акциясын QIC сатып алуы туралы келіссөздерді аяқтады. Әрі қарай компания акциялары оның жаңа иесі – Андрей Лаврентьевке берілді. «АрселорМиттал Теміртау» Qarmet болып өзгертіліп, оның бас директоры болып Вадим Басин тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыз