Қарызға батқан «Қазақстан темір жолының» 20% акциясы 2025 жылы IPO-ға шығарылады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақстан темір жолы"
IPO-ға ҚТЖ акцияларының 20 пайызы шығады / Фото: shutterstock

«Самұрық-Қазына» еншілес ұйымы – «Қазақстан темір жолы» компаниясының 20% акциясын IPO-ға шығармақ. Бағалы қағаздар 2025 жылы жария орналастырылады. Бұл туралы қордың Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов айтты.

Жоспар бойынша, инвесторларға ҚТЖ-ның магистральдық теміржол желісінсіз өзге активтері ұсынылады.

«IPO-ға шығу үшін ішкі және халықаралық заңнама талаптарына сай болу қажет. Сондықтан тиісті заңнамалық өзгерістер енгізілетін болады», – деді Жақыпов.

ҚТЖ-ға инвестор қызыға ма?

Жалпы алғанда, ҚТЖ акциялары инвесторлар үшін тартымды болуы мүмкін. Өйткені Қазақстан – Қытай мен Еуропаны байланыстыратын маңызды транзиттік дәліз. Сонымен қатар, «Достық – Мойынты» жобасы аяқталғаннан кейін жүк тасымалдау көлемі 55 млн тоннаға дейін артады деп күтілуде.

Қазіргі уақытта ҚТЖ Қазақстан, Қытай және Әзірбайжан порттарында үлеске ие және алдағы уақытта Еуропа, Ресей және БАӘ-де кеңеюді жоспарлап отыр.

Қаржы жағдайы қандай?

Алайда ҚТЖ-ның қаржы жағдайы аса мәз емес. 2024 жылдың ортасында компания қарызы 2,9 трлн теңгеден асқаны белгілі болды. Бұл қарыздың үлкен бір бөлігі шетел валютасында алынған.

Ең соңғы жариялаған қаржы есебіне сәйкес, ҚТЖ 2024 жылдың 9 айында 80 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 40 пайызға аз. Қаржы есебінде компания бір жыл ішінде 369 млрд теңге несиені өтеуі тиіс екені атап көрсетілген.

Бұл ретте Жоғары аудиторлық палата да компания тиімсіз басқару салдарынан қиын жағдайға тап болғанын атап өтті. Палата төрағасы Әлихан Смайылов ҚТЖ теміржол операторы өз міндеттемелерін төлей алмай, дефолттың аз-ақ алдында тұрғанын мәлімдеген.

Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» өзінің еншілес компанияларының бірін – «Самұрық-Қазына Бизнес Сервис» ЖШС-ны таратпақ. Бұл ұйым қордың активтерін бәсекелестік ортаға беруді үйлестірумен айналысқан. Компанияны тарату туралы шешім қордың директорлар кеңесінің қарауында тұр және заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

Сондай-ақ оқыңыз