Астанада Наурыз мейрамына қарсы қандай шаралар өткізіледі

Барлық Қазақстан бойынша 14 наурыздан бастап наурызнама онкүндігі басталады. Осыған орай Астана қаласында әз-Наурыз құрметіне 10 күн бойы мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Наурызнаманың онкүндігінде Астанада 200-ден астам ауқымды іс-шаралар өткізіледі.
14 наурызда – Көрісу күні атап өтіледі. Бұл күні №3 бұқаралық кітапханасында «Көрістім барша қазақпен» атты тарихи-ағарту кеші, Достық үйінде «Ұлы Еліміздің Көрісу күні – Амал мерекесі» атты іс-шаралар өткізіледі. Бұдан бөлек М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында «Достық керуені» ұлттық мәдени фестивалі, әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Наурыз шашу» театр марафоны ұйымдастырылады.
«Игі істер марафоны»
15 наурыз – қайырымдылық күні. Бұл күні «Игі істер марафоны» мен «Жақсылық жаса» акциясы басталады. Бұл күні еріктілер ардагерлер мен жалғызбасты зейнеткерлерге акция аясында азық-түлік себеттері таратылады. Сонымен бірге «Ғажайып сандық» акциясы ұйымдастырылып, шара аясында балалар үйлеріне, қарттар үйлеріне және ауруханаларға арнайы жәшіктер қойылады. Мұқтаждар жандар сол жәшікке өзіне қажет заттары туралы хат жазып қалдырады. Кейін бұл заттарды әкімжік меценатардың көмегімен сатып алады. Бұл күні Достық үйінде Жанашырлық пен қамқорлық – еліміздің тірегі» қайырымдылық акциясы өтсе, «Балам-ай» орталығында «Әз-Наурыз» қайырымдылық концерті ұйымдастырылады.
«Бақытты Шаңырақ» ҚҚ тәрбиеленушілеріне арнап, «Sintez» іздестіру-эксперименттік театры спектакль әзірледі. Ал «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Жыл басы» шығармашылық көрмесі ашылады.
16 Наурыз – отбасылық құндылықтардың рөлін насихаттайтын Отбасы күні. Бұл күні сағат 11:00-де «Бәйтерек» монументінде салтанатты рәсім жоспарланған. Монумент алдында салтанатты түрде жас жұбайларға неке туралы куәлік табыс етіледі. Сол күні алтын мерейтойын атап өткен ерлі-зайыптылардың есімі мерейтойлар кітабына енгізіледі. Бұл күнде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жас жазушылар арасында «Армысың, Әз-Наурыз» фестивалі ұйымдастырылады.
16 наурыз күні сағат 15:00-де Музыкалық жас көрермен театрында «Бақытты шаңырақ иелері» атты шығармашылық жас отбасыларымен кездесу ұйымдастырылады.
Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні
17 наурызда Астанада Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні атап өтіледі. 17-21 наурыз аралығында паралимпиадалық жаттығу орталығында «Наурыз мейрамына» орай тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту, армрестлинг сынды ойын түрлерінен турнир өтеді.
18 наурыз Ұлттық киімін ұлықтайтын күн. Ұлттық киім күнінен орай Астананың Хан-Шатыр сауда үйінде 15-18 наурыз аралығында «Ұлттық киімің – ұлттың сәні» жәрмеңкесі өткізіледі. Бұл күні мынадай шаралар өткізіледі:
- Сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін Сәкен Сейфуллин мұражайында Ұлттық киім күніне орай мұражайға келушілер үшін Ұлттық формада экскурсия;
- Сағат 12:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда ұлттық киіммен флешмоб;
- №2 балалар кітапханасында «Әз-Наурыз – жаңару мен жаңғырудың бастауы» фольклор сағаты;
Сағат 14:00-де №8 көпшілік кітапханада «Қош келдің, Әз-Наурыз» атты мерекелік ойын бағдарламасы;.
Сағат 15:00-де Ұлттық музейде «Ең әдемі киім – ұлттық киім» этнофестивалі; - М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында жасөспірімдер арасында «Жігіт сұлтаны» республикалық байқауы;
- Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде «Қамажай» флешмобы өтеді. Бұл биді қаланың 112 мектебінің 15 пен 17 жас аралығындағы қыздар орындайды.
Жаңару күні
19 наурыз – Жаңару күні. Қаланың барлық аудандарында «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы өтеді.
Теміржол тұрғын алабында «Жас таланттар-2025» қолөнер байқауы, «Даналық» жоғары медициналық колледжінде «Ұмытылған ұлттық тағамдар» ұлттық тағам фестивалі, сағат 12:00-де №1 балалар кітапханасында «Наурыз – береке мен дәстүр мерекесі!» іс-шарасы ұйымдастырылады.
20 наурыз – ұлттық спорт күні. Бұл күннің құрметіне «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Ұлттық ойындар» спорттық жарысы өткізіледі. Ал Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Есіл ауданының зейнеткерлері арасында Тоғызқұмалақ ұлттық ойынынан жарыс, «Нұра» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ұлттық спорт түрлерінен турнир, «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде «Ұлы дала ойындары» отбасылық эстафетасы, «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде ұлттық ойындар бойынша қойылымдар көрсетілмек.
21 наурыз – бірлік пен ынтымақтастық күні.
Бұл күні сағат 17:00-де ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Достық сазы» қазақ оркестрінің концерті, 21 және 22 наурызда сағат 12:00 және 16:30-да Қуыршақ театрында «Наурыз-Думан» қуыршақ шоуы жоспарланған.
Бұл күндері қаланың барлық ауданында «Наурыз мейрамы» мерекесіне орай тұрғындар арасында ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтіп, «Walking Football» турнирі өтеді. Ал Достық үйінде «Қош келдің, Әз-Наурыз» атты іс-шара ұйымдастырылады.
Жыл басы
22 наурыз – Жыл басы. Атаулы күнге орай Бейбітшілік және келісім сарайында «Наурыз сыйлығы» іс-шарасы өтеді. Сағат 18:00-де Музыкалық жас көрермен театрында «Абай-Тоғжан» спектаклі қойылады.
23 наурыз – Тазарту күні. Наурызнаманың соңғы күні таңғы сағат 9-дан бастап «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында аумақты қардан тазарту жұмыстары жүргізіледі. Ал сағат 10:00-де елордалық театр ұжымдары экоакцияға шығып, өз ғимараттарының маңын тазалайды. 23 наурыз түнгі сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін Астана «Жер Сағаты» халықаралық экологиялық акциясын қолдайды.
«Жер сағаты» – Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) қолдауымен жыл сайынғы халықаралық іс-шара, оған әлемнің түкпір-түкпірінен 2 миллиардтан астам адам қатысады. Акцияның мақсаты – жер бетіндегі табиғат пен ресурстарға жауапкершілікпен қарау, қажеттілігіне назар аудару», – делінген әкімдік хабарламасында.
Наурызнаман онкүндігінің ең соңғы күнінде елорданың барлық ауданында тазалық эстафетасы аясында «Тазарту» жалпыұлттық экологиялық акциясы ұйымдастырылады. Бұл күні қала бойынша жаңа жылды жаңа мақсаттармен қарсы алудың символы ретінде аулаларды қар мен қоқыстан тазарту бойынша іс-шаралар өткізу жоспарланған.