Миллионмен – түрмеге! Дәулет Мұқаев декретке шығарған келіншектер қылмыстық жауапқа тартыла ма

Соңғы кездері Instagram әлеуметтік парақшасында миллионмен декретке шығудың жолдарын көрсететін курстарды сататын блогерлер көбейді. Жұмыс істемей, ресми түрде табыс таппай-ақ декретке қомақты сомамен шығаруды үйрететін блогерлердің бұл әрекеті қаншалықты заңды? Олар жүкті келіншектерді заңсыздыққа итермелеп жүрген жоқ па? Еңбек және халық әлеуметтік қорғау министрлігі жақында декретке жақсы қаражатпен шыққан бірталай келіншектің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. KursivMedia редакциясы құзырлы органдарға сауал жолдап, мұндай схемамен декретке шығудың дұрыс-бұрыстығын сұрап білді.
Қаржы мониторингі агенттігінің жауабы
27 ақпан күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 113 декреттік төлем алушыға қатысты 16 қылмыстық іс қозғалғанын, келтірілген шығын сомасы 158 млн теңгені құрағанын айтты. Осыдан кейін экономикалық қылмыстарды тергеумен айналысатын Қаржылық мониторинг агенттігі елдің бірнеше аймағында тексеріс бастаған. Агенттіктің хабарлауынша, қазір төрт аймақта тексеріс жүріп жатыр. Олар:
- Ақтөбе облысы;
- Абай облысы;
- Қызылорда облысы;
- Шымкент қаласы.
Ақтөбе және Абай облыстары бойынша Экономикалық тергеп тексеру департаменті (ЭТТД) тергеу-жедел іс-шараларын бастап, жәрдемақы алған адамдарды анықтауға көшкен.
Ал Қызылорда облысы бойынша шамадан тыс жәрдемақы алуға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Шымкентте әлеуметтік желілерді, соның ішінде Instagram-ды пайдаланып, «МӘСҚ» АҚ филиалдарынан ең жоғары әлеуметтік төлемдерді, 18 айға дейінгі бала күтіміне жәрдемақы алуға ниет білдірген адамдарды тексеру жұмыстары басталған.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер аяқталғаннан кейін, заңсыз әлеуметтік төлемдер алуға ықпал еткендердің және заңсыз жәрдемақы алғандардың іс-әрекеттеріне заңды баға беріледі», – деп хабарлайды агенттік.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының жауабы
Декреттегі аналарға төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) беріледі. МӘСҚ жәрдемақыны заңсыз жолмен алатындардың қор тарапынан қалай тексерілетінін түсіндірді.
Қордың мәліметінше, заңды төлеушіден қорға қаражат үзбей түсіп отыруы керек. Ал қорға бір мезгілде бірнеше айға бірақ төлем жүргізетіндер міндетті түрде тексерістен өтуі мүмкін.
«Төлеуші Қорға әлеуметтік аударымдарды есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей, әлеуметтік аударымдар төленетін айды көрсете отырып, ай сайын төлейді. Осылайша, әлеуметтік аударымдар уақтылы түспеген жағдайлар анықталған жағдайлар, атап айтқанда, әлеуметтік аударымдарды әлеуметтік тәуекел туындағанға дейін немесе туындағаннан кейін бір күнде өткен кезеңге төлеген өтініш берушілер тексеріске жатады», – делінген қор жауабында.
Табысын жасанды түрде асырып көрсеткендер тексеріледі
МӘСҚ әлеуметтік аударымдарды арттырып көрсету фактілерін болдырмау мақсатында қолданыстағы заңнама негізінде мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, төлеушіге және өтініш берушіге сұрау салу арқылы әлеуметтік төлемдерді тағайындауға қажетті құжаттардың анықтығын тексере алады. Егер жүргізілген жеке тексеру іс-шаралары негізінде төлеушілермен немесе жұмыс берушілермен нақты еңбек қатынастары болмай, бірақ әлеуметтік аударымдар аударылғаны анықталса, мұндай жағдайлар бойынша тексеріс нәтижелері бірден құқық қорғау органдарына жіберіліп отырады.
Жоғарыда аталған 16 қылмыстық іс осындай фактілер негізінде қозғалған. Бұл істі қозғауға Қор филиалдары бастамашы болған. 16 жағдайда да жүктілік пен босануға және бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдердің мөлшері асыра көрсетілген. Төлем орташа айлық кірістерден асып түскен.
«Бұл қор активтеріне залал келтірді. Болжанып отырған залалдың сомасы 158 млн теңгеден асады», – делінген қор мәлімдемесінде.
Қылмыстық оқиғалардың алдын алу мақсатында МӘСҚ жәрдемақы алатындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, тек 2024 жылы 1,5 мыңнан астам декреттік төлем алушы өз табыстарын жасанды түрде асырып көрсеткендерін растаған. Солайша қордың 3,4 млрд теңге сомасындағы активтері сақталған.
«Миллионмен – декретке» еңбексіз шығу мүмкін бе?
Редакция қордан кәсібі жоқ болса да, декреттік төлем алу үшін жеке кәсіпкер (ЖК/ИП) ретінде тіркеліп, миллиондап декреттік төлем алудың заңдылығын сұрап көрді.
Қор жауабында МӘСҚ қаражатының жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғауға жұмсалатыны айтылған. Яғни қордан төленетін қомақты қаражат расымен жұмыс істейтін адамдарға тәуекел туындағанда жұмсалуы тиіс. Әлеуметтік кодекске сәйкес әлеуметтік қорғауға мына санаттағы адамдар жатқызылады:
- Еңбек қабілеттілігінен айырылған;
- Жұмысынан айырылған;
- Асыраушысынан айырылған;
- Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылған адамдар.
МӘСҚ жауабында қорға әлеуметтік аударымдар жүргізген азаматтардың әлеуметтік төлемдерді толық алуға құқылы екені айтылған. Қор бұл төлем сомасына қызметкер үшін Қорға төленген әлеуметтік аударымдардың уақтылы және толық төленуіне тікелей әсер ететінін ескертеді.
Сондай-ақ соңғы кездері әлеуметтік желіде қомақты қаражатпен декретке шығару бойынша блогерлердің ақылы курсы көбейгенін МӘСҚ өкілдері де байқаған.
«Қазіргі уақытта Instagram, facebook және т.б. әлеуметтік желілерде көрсетіліп отырған, оның ішінде кәсіпкерлік субъектілер мен декреттік демалысқа шығуды жоспарлап отырған тұлғалар арасында «ресми» еңбек шарттарын жасау жолымен әлеуметтік төлемдерді шамадан тыс мөлшерде алу тәсілдері бойынша көрсетіліп отырған консультациялық қызметтердің өскенін байқап отырмыз. Блогерлердің осындай әрекеттерінің заңдылығын айқындау Қордың құзіретіне кірмейді», – делінген жауапта.
Десе де, қор сегіз өңірде – Ақтөбе, Алматы, Абай, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстары, Алматы, Шымкент қалаларынде қылмыстық істер тіркеліп, соның аясында жедел-тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын ескертті.
Дәулет Мұқаев не дейді?
Келіншектерді декретке миллионмен шығартқан танымал блогердің бірі – қазіргі Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев. Депутат парламентке келгенге дейін түрлі курстар сатумен белсенді айналысты. Редакция депутаттың өзінен курстары туралы сұрады. Экс-блогер өз сабақтарында келіншектерді қитұрқы әрекеттерге үйретпегенін, тек заңды жолмен декреттік төлем алу тетіктерін көрсеткенін мәлімдеді.
«Сабаққа қатыспаған адамға сырттай заңсыз әрекетке барыңдар деп үгіттегендей көрінуі мүмкін. Бірақ сабақта жалған ИП (жеке кәсіпкер) ашпаңдар, оның барлығының сұрауы бар деген нәрселер сан мәрте айтылған. Заңды айналып өткісі келетін адамдар бар. Олар көп ИП ашып, қомақты қаражат алғысы келді ме екен?! Бірақ менің сабақтарымда теріс әрекеттерге үгіттейтін дүниелер айтылған жоқ. Ашық egov сынды ресми порталда миллион емес, 2,5 миллионмен декретке шығудың схемасы тұр», – дейді депутат.
Мұқаев декреттік төлем алатын адамның кәсібі адал, табысы заңды болса, ешқандай қиындық туындамайтынын айтады.