Маңғыстауда жеке компания иелігіндегі теміржол желілері мемлекетке қайтарылады

«Каскор-Транссервис» АҚ-ның Маңғышлақ станциясынан Ақтау теңіз портына дейінгі магистральдық теміржол жолдарға заңсыз иелік етеді. Мұны Бас көлік прокуратурасы анықтап, енді оны мемлекеттік меншікке қайтаруын талап етті.
«Осыған байланысты, прокуратураның қадағалау актісінің негізінде ҚР Көлік министрлігі сотқа жүгінді. 2025 жылғы 14 наурызда Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты бұл талаптарды толық қанағаттандырды», – деп жазылған көлік прокуратурасының хабарламасында.
Бұған дейін, 2022 жылы Маңғыстау облысының монополияға қарсы департаменті «Каскор-Транссервис» АҚ-ның теміржол арқылы жүк тасымалы мен локомотивтік тарту қызметтері бойынша тарифтерді өз бетінше белгілеу фактісін анықтаған. Бұл қызметтер әлеуметтік маңызы бар нарыққа жатады және мемлекеттік орган тарапынан реттелуі тиіс.
Сол кезде, компанияны табиғи монополия субъектілерінің тізіміне қосу, тарифтерін бекіту және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 164-бабы бойынша заң бұзушылықтарды қарау жөнінде нұсқама берілген. Бұл бапқа сәйкес, заңсыз алынған кірістің 100%-ын тәркілеу шарасы қарастырылған.