
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 14 наурызда Бурабайда өткен Құрылтайда криптонарықты дамытуды үкіметке тапсырды.
Криптонарықты дамытудан үкіметке не пайда?
Мемлекет басшысының пікірінше, экономиканың барлық саласына цифрлық технологиялардың енгізілуі елдің бәсекеге қабілетін арттыратын ең басты фактор болуға тиіс.
«Бұл жерде цифрлық активтер индустриясы мен блокчейн технологиясын дамыту маңызды рөл атқарады», – дейді президент.
Тоқаев цифрлық активтердің заңды айналымын қамтамасыз ету, криптоайырбастау қызметін жүргізу және цифрлық майнингке инвестиция тарту үшін осы саланы реттеу ісін ырықтандырудың шұғыл шараларын қабылдау қажет деп есептейді.
«Бұл қадам еліміздің осы аймақтағы цифрлық қаржы технологияларының орталығы ретіндегі рөлін арттырады. Сондай-ақ, цифрлық активтердің көлеңкелі айналымын азайтуға мүмкіндік береді әрі салық түсімін көбейтуге септігін тигізеді», – деп мәлімдеді мемлекет басшысы.
Қазақша криптонарық
Қазақстанда криптобиржа жұмысына Астана халықаралық қаржы орталығы АХҚО аумағында рұқсат етілген. Жақында Қазақстанда криптовалюта фьючерстерін іске қосқан Binance елде 2022 жылы тіркелген. Бір жылдан соң АХҚО криптовалюта саудаланатын алаң ашып, 2024 жылы Ұлттық банк арнайы лицензия берген.
Респубиликада криптонарық дұрыс дамымағандықтан, 1,5 млн қазақстандық шетелдік криптобиржаларда отыр. Былтыр билік криптонарықты «ақылмен» реттеуді қолға алды.
2023-2024 жылдары АХҚО-да тіркелген криптобиржа мен криптоброкерлер 704 млн долларға тең операция жүргізген. Елдегі криптобиржаға 100 мыңнан аса клиент қатысады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2023 жылы цифрлық активтер индустриясынан шамамен 9 млрд теңге салық түсті. Ал 2024 жылдың бірінші жартысында цифрлық майнинг өндірісінен 3,5 млрд теңге салық төленді.
Естеріңізге сала кетейік, жақында ғана Ұлттық банк цифрлық теңге мен криптовалютаға қатысты заң жобасын әзірлеп жатқаны мәлім болды. Қадағалаушым құжатты көпшілікке биыл тамызда көрсетеді.