Криптовалюта болашағына сенбеген Вашингтон 17 млрд доллардан айырылды

Криптовалюта нарығына қатысты стратегиялық жоспары болмағандықтан, Құрама Штаттар кейінгі он жылда 17 млрд доллардан айырылды. «Криптопатша» атанған Дэвид Сакс осылай деп мәлімдеді.
Сакстың криптовалюта туралы есебі
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үй әкімшілігінде «криптопатша» қызметіне тағайындаған Дэвид Сакс үкіметтің криптонарықта қанша ақша жоғалтқанын санап шықты.
«Кейінгі он жылда Америка үкіметі шамамен 195 мың биткоинды 366 млн долларға сатқан. Үкімет биткоин сақтағанда, қазір ол 17 млрд доллар тұрар еді. Ұзақ мерзімге арналған стратегияның жоқтығы осылайша америкалық салықтөлеушілердің қалтасын қақты», – деп жазды Сакс Х әлеуметтік желісіне.

Тарихи сәт
АҚШ президенті Дональд Трамп стратегиялық биткоин қорын құру туралы жарлыққа қол қойды. Жақында ғана Ақ үй басшысы мұндай қорға қандай криптовалюта кіретінін айтқан. Оған Bitcoin, Ethereum, Solana, Cardano және XRP криптовалюталары кірген. Бұған дейін Kursiv.Media Трамп таңдаған токендердің артында кімдер тұрғанын жазды.
Дэвид Сакс Х әлеуметтік желісінде стратегиялық қордың құрылуын «тарихи сәт» деп сипаттады.
«Криптопатшаның» мәліметінше, АҚШ үкіметінде шамамен 200 мың биткоин бар. Алайда оған ешкім ешқашан аудит жүргізбеген.
«АҚШ енді стратегиялық қордағы биткоиндарын сатпайды. Олар жинақ ретінде сақталады. Резервті криптовалютаның цифрлы Форт-Ноксы деп атауға болады. Оны кейде «цифрлы алтын» деп те атайды», – дейді Сакс.
Трамп стратегиялық қор туралы жарлыққа криптосаммит қарсаңында қол қойып отыр. Бүгін, 7 наурызда Ақ үйде алғаш рет криптовалюта саммиті өтеді. Оған криптонарық басшылары, инвесторлар және президенттің цифрлы активтері жөніндегі жұмыс тобының мүшелері қатысады.