Биыл үкімет 19 млн шаршы метр тұрғын үй салады

2025 жылы үкімет 19 млн шаршы метр тұрғын үй салуды көздеп отыр. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиналыста осындай мәлімет жарияланды.
Қанша тұрғын үй салынды?
Экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың кезекті отырысында баспана және халық ең тығыз қоныстанған өңірлердің инвестициялық өсімі қаралды. Алматы және Түркістан облыстарының көрсеткіштері талқыланды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен өңір басшылары кемі 19 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндетін орындауы тиіс. Штаб отырысында 2025 жылдың алғашқы екі айында республикада 1,9 млн шаршы метр үй пайдалануға берілгені айтылды. Бұл былтырғы қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда 6,8%-ға төмен көрсеткіш.
Өңірлер тартқан инвестиция
2024 жылы Алматы облысы 980 млрд теңге (80% жеке, 20% бюджеттік) инвестиция тартты. Ал биылғы жоспар – 1,35 трлн теңге.
Үкіметтің алдын ала мәліметінше, былтыр шетел инвестициясы $541 млн болды. 2025 жылғы KPI – $532 млн.
Биылғы екі айда 89 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16%-ға артық.
Инвестицияның негізгі үлесі – бюджеттен тыс қаражат. Өңірде ең тартымды инвестициялық салалар – өнеркәсіп (32%), жылжымайтын мүлік (22%), көлік және қоймалау (16%), білім беру (17%).
Облыстың қазіргі инвестициялық портфелі 57 мың жұмыс орнын ашатын 6,3 трлн теңге сомасындағы 200 жобадан тұрады. Биыл соның 35-і қосылып, 303 млрд теңгеге 4,8 мың жаңа жұмыс орны ашылады.