
Көктем — нағыз саяхаттайтын мезгіл. Өйткені осы кезде Азия, Таяу Шығыс елдерінде күн өте жылы болады. Жаз басталса, бұл жақтарда күн ысып кететіні белгілі. Ал жаяу серуендеп, ел көріп, жер көргісі келетіндер көктемде Түркия, Кавказ жаққа ат басын бұрса болады. Kursiv Media тілшісі көктемгі демалыста баруға болатын басты бағыттарға шолу дайындады. Топтама виза сұрамайтын елдерден жасалды. 2025 жылы көктемде қай жаққа баруға болады? Неліктен бұл елдерді таңдаған дұрыс?
Суға түскіңіз келсе, мына елдерді таңдаңыз
Көктемде жағажайда жатып демалғыңыз келсе, онда сізге Біріккен Араб Әмірліктері, Мысырдың ауа райы қолайлы болады. Сонымен бірге Таиланд пен Шри-Ланкада мұхит суы жып-жылы болып тұрады. Түркияда күнге қыздырынуға әлі сәл ертерек. Бірақ теңіз жағасында жаяулатып серуендеуге таптырмайтын уақыт. Қолыңызға күрең қызыл түрік шайы мен симит алып алсаңыз тіпті керемет. Ал енді елдерге толығырақ тоқталсақ:
Біріккен Араб Әмірліктері: күн ыстық, жағажай қолайлы, зәулім ғимараттарға көзің тояды
- Температура: +25…+30°C, су температурасы шамамен +23°C болады.
- Визаға қатысты: қазақстандықтар 30 күн визасыз жүре алады.
- Қашан барған қолайлы: наурыз-мамыр – күн ысымай тұрып барып алған жөн.
- Қалай баруға болады: Алматы, Астана қалаларынан тіке рейстер бар. Дубай немесе Абу-Дабиге чартер рейс көп шығады. Оған қоса лоукостердің де бағасы қымбат емес.
Немен айналысуға болады:
- Дубайда туристер міндетті түрде Бурдж-Халифа, Дубай-молл, сафариге барады.
- Абу-Дабиге баратындар Зайд шейхтың мешітіне, Ferrari World-қа соғады.
- Шарджа мен Фуджейрада қонақ үй арзанырақ. Жағажайы таза әрі әдемі.
Бюджет: орташа қонақүйде бір апта демалысқа орта есеппен адам басына 400 мың теңге шамасында кетеді. Жұлдызы азырақ қонақүй алсаңыз не соңғы орындары сатылып жатқан турларды одан да арзанға табуға болады.
Таиланд: экзотика, тропик жақсы көретіндерге таптырмайтын бағыт
- Температура: +28…+33°C, су температурасы шамамен +27°C болады.
- Визаға қатысты: қазақстандықтар 30 күн визасыз жүре алады.
- Қашан барған қолайлы: ең абзалы наурызда барып алған. Өйткені сәуір, мамырда күн ыстық бола бастайды.
- Қалай баруға болады: Алматы, Астана қалаларынан ұшатын чартер рейстер бар.
Немен айналысуға болады:
- Пхукетте Пхи-Пхи аралы, түнгі базар мен жағадай қызық болады.
- Бангкокте храмдар, Патша сарайы, су үстіндегі базарлар бар.
- Паттайяда сафари-парк, түрлі шоу, Ко Лан аралы бар.
Бюджет: 10 күндік сапарға адам басына шамамен 350 мың теңгедей кетеді.
Түркия: теңіз жағасындағы серуендерге қолайлы
- Температура: +18…+25°C, су температурасы шамамен +18…+20°C.
- Визаға қатысты: қазақстандықтар визасыз үш ай яки 90 күн жүре алады.
- Қашан барған қолайлы: сәуір-мамырда нағыз мамық кезең десе болады. Күн шақырайып шығатындай ыстық емес, өте жылы әрі жайлы.
- Қалай баруға болады: Стамбул, Антальяға тіке рейстер бар.
Немен айналысуға болады:
- Анталияға жағажай, сарқырамалар, ескі қала вайбы үшін барса болады.
- Каппадокияға ұшатын шарға мініп, жер астындағы қалаларды көруге барады.
- Стамбулда Айя–Cофия, Гранд-базар, Босфор бар.
Бюджет: 7 күндік турға орта есеппен адам басына 300 000 теңгеден басталады.
Мысыр: Қызыл теңізге түскісі келетіндерге маст-визит
- Температура: +24…+30°C, су температурасы шамамен +24°C.
- Виза: жеткен соң әуежайдан жасатасыз, бағасы — $25.
- Қашан барған қолайлы: ең дұрысы наурыз-мамыр аралығы.
- Қалай баруға болады: Алматы, Астана, Шымкенттен ұшатын чартер рейстер бар
Немен айналысуға болады:
- Хургада мен Шарм-эш-Шейхқа барсаңыз дайвиң, снорклиң жасай аласыз.
- Каирде пирамидалар, сфинкс, музейлерге барсаңыз болады.
Бюджет: 7 күнге 450 000 теңгеден басталады.
Шри-Ланка: шай плантацияларын көріп, мұхит суына түсем десеңіз…
- Температура: +28…+32°C, мұхит суының температурасы шамамен +28°C.
- Виза: жеткен соң $50 жасатасыз.
- Қашан барған қолайлы: наурыз-сәуір.
- Қалай баруға болады: тіке чартер рейстер бар.
Немен айналысуға болады:
- Коломбода жағажай, храмдар, базарлар бар.
- Кандиге шай плантациялары, храмдарды көру үшін барады.
- Элледе сарқырамаларды көріп, тренд болып жатқан теміржол вагондарына мінуге болады.
Бюджет: 10 күндік сапарға бір адамға орташа 550 мың теңгедей кетеді.
Саяхатқа, жаяу серуендерге арналған бағыттарға шолу
Жағажайда күнге қыздырынып жатқаннан гөрі барған жердің тарихымен танысып, жергілікті халықтың тұрмысын көргісі келетіндер болады. Оларға Грузия, Өзбекстан, Әзербайжан жақсы нұсқа бола алады.
Грузия: ескі қала мен тау көрінісіне қанық қылады
Температура: +12…+20°C.
- Визаға қатысты: қазақстандықтар визасы 90 күн жүре алады.
- Қашан барған қолайлы: сәуір-мамырда ауа-райы өте қолайлы.
- Қалай баруға болады: бірнеше қаладан тіке рейстер ұшады.
Немен айналысуға болады:
- Тбилиси — ескі қала, мұнда көпшілік баратын Нарикал қамалы бар.
- Кахетияда шарап туры, шіркеу көп.
- Казбегиге таудың ғажап көрінісіне көз тойдыру үшін барады.
Бюджет: 5-7 күнге 200 мың теңгеден жоғары кетеді.
Әзербайжан: Кавказ вайбы тұнып тұрған жер
- Температура: +15…+22°C.
- Визаға қатысты: 30 күн визасыз жүруге болады.
- Қашан барған қолайлы: наурыз-мамыр аралығы қолайлы.
- Қалай баруға болады: бірнеше қаладан тіке рейстер ұшады.
Немен айналысуға болады:
- Бакуде Қыз мұнарасы, ескі қала бар.
- Гобустанда жанартаулар, жартас көп.
- Шекиде тау пейзажы әдемі әрі хандардың ескі сарайлары бар.
Бюджет: 5-7 күнге орта есеппен 250 000 тг кетеді.
Өзбекстан: шығыс базарына барғыңыз келсе…
- Температура: +15…+25°C.
- Визаға қатысты: қазақстандықтар 30 күн визасыз жүре алады.
- Қашан барған қолайлы: наурыз-мамыр аралығы.
- Қалай баруға болады: Ташкентке тіке рейс көп. Болмаса, Шымкент қаласына жетіп алып, әрі қарай көлікпен жете аласыз.
Немен айналысуға болады:
- Самарқан Регистанымен танымал.
- Бұқарада шығыс моншалары, Арк қамалы бар.
- Хиуада Ишан-қала ескі қаласын көрсе болады.
Бюджет: 5 күнге 100 мың теңгедей кетеді.
Тобықтай түйін: Көктемде қайда демалуға барған жөн?
- Жағажай керек болса: Біріккен Араб Әмірліктері, Таиланд, Түркия, Египет, Шри-Ланка.
- Экскурсия жасағыңыз келсе: Грузия, Әзербайдан, Өзбекстан.
- Арзан нұсқа керек десеңіз: Өзбекстан, Грузия, Әзербайжан.
- Экзотика қалайтындарға: Шри-Ланка, Таиланд.
Естеріңізде болса, бұған дейін наурыз айы қазақстандықтардың ең көп демалатын айы деп жазған едік. Сондықтан алдағы Наурыз мерекесіне орай болатын ұзақ демалысты пайдаланып қалсаңыз болады.