
«Азаттық радиосының» қазақ қызметі АҚШ президенті Дональд Трамптың АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігін (USAGM) қаржыландыруды тоқтату туралы жарлығына қарамастан қызметін жалғастырады. Бұл туралы Азат Еуропа/Азаттық радиосы қазақ қызметінің директоры Торокул Дооров әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды KursivMedia.
«Азаттық радиосы» қандай қиындықтан өтпеді, шынайы ақпарат, демократия құндылықтарын тарату миссиясында қандай тоталитарлық режимдер қысымын көрмеді?! Сол елдерде тұрған миллиондаған халық үшін шындықтың жалғыз шамы болып келді. Қазіргі жағдай бізді қалай өзгертетінін толық ашып айту мүмкін болмай тұр. Жетекшілеріміз қазіргі жұмысты жалғастыра береміз деген позиция ұстанып отыр», – деп жазды Дооров.
«Азаттықтың» қырғыз қызметі де жұмысын жалғастыра береді. Бұл туралы Бішкектегі бөлімнің директоры Венера Жұматаева мәлімдеді.
«Басшылық бізге «жұмысты жалғастыра беріңіздер» деді. Баса қандай да бір жаңалық болса, міндетті түрде хабарлаймыз», – деп жазды Жұматаева.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп жеті федералдық агенттіктің қызметін қысқарту туралы жарлыққа қол қойғаны хабарланды. Оның ішінде АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі (USAGM) де бар. Jған Азат Еуропа/Азаттық радиосы қарайды.
Бұл жарлық USAGM-мен қатар Федералдық медиация және келісім қызметі, Смитсон институтының Вудро Вильсон атындағы Халықаралық ғылыми орталығы, Мұражай және кітапхана қызметтері институтына да бағытталған. Тізімде АҚШ-тың баспанасыздық жөніндегі ведомствоаралық кеңесі, Қоғамдастықты дамыту қаржы институттары қоры және Азшылықтардың бизнесін дамыту агенттігі де бар.