
АҚШ президенті Дональд Трамп жеті федералдық агенттіктің қызметін қысқарту туралы жарлыққа қол қойды. Оның ішінде АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі (USAGM) де бар. Ал оған Азат Еуропа/Азаттық радиосы қарайды. Бұл туралы AFP хабарлады.
USAGM сайтында Трамп қол қойған жарлыққа байланысты «Америка дауысында» жұмыс істейтін мамандардың ақылы демалысқа жіберілетіні туралы айтылды.
«Америка дауысы» директоры Майкл Абрамовиц 83 жылда алғаш рет радиостанция «үнсіз қалатынын» мәлімдеді. Оның сөзінше, журналист, продюсер және басқа да мамандар – шамамен 1 300 адам демалысқа жіберілген.
«Азаттық радиосы» президенті Стивен Капус медиа қызметін тоқтатқаннан кейін, әлемде 50 миллионға жуық адам сенімді ақпаратқа қол жеткізе алмайтынын айтқан.
Трамптың жарлығына сәйкес, жеті агенттіктің басшысы 7 күн ішінде басқарма және бюджет басқармасының директорына осы бұйрықтың толық орындалуын растайтын есеп беруі керек. Бұл қатарда USAGM-мен қатар, Федералдық медиация және келісім қызметі, Смитсон институтының Вудро Вильсон атындағы Халықаралық ғылыми орталығы, Мұражай және кітапхана қызметтері институты да бар. Сондай-ақ бұйрық АҚШ-тың баспанасыздық жөніндегі ведомствоаралық кеңесі, Қоғамдастықты дамыту қаржы институттары қоры және Азшылықтардың бизнесін дамыту агенттігіне де бағытталған.
USAGM — апта сайын 360 миллионнан астам адамға 50-ге жуық тілде хабар тарататын жаңалық ұйымдарын қадағалайтын АҚШ-тың тәуелсіз мемлекеттік агенттігі.