
Қазір Қазақстандағы бюджет дағдарысы мемлекеттік қарыздың күрт өсуімен тұспа-тұс келіп тұр. Бұл Қазақстанның борыш нарығындағы тәуекелін арттырып, алатын қарызды тым қымбат етуі мүмкін. Halyk Finance сарапшыларының айтуынша, осылай кете берсе ел нетто-кредитор мәртебесін жоғалтуы ықтимал.
Бұл дегеніміз – елдің сыртқы қарызы оның беретін несиелерінен асып кетеді. Осы жағдай салдарынан инвесторлар үшін Қазақстанның қарызын сатып алу қауіпті болып көрінуі мүмкін, сондықтан мемлекет қарыз алған кезде оған жоғары пайыздық мөлшерлеме (тәуекел сыйақысы) белгіленеді.
Қарыз процентінің өсуі және Ұлттық қор трансферттерінің қысқаруы – бюджет тапшылығын қаржыландыруды қиындатады.Қазіргі кезде Қаржы министрлігі осы мақсатта нарықтан қарық тартыду одан әрі арттырып, екі есе көп қарыз алып жатыр.
Үкімет Ұлттық қорға арқа сүйеп алды
Сарапшылар Ұлттық қордан алынатын трансферттердің жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 5%-ынан асып кеткеніне баса назар аударады. Әсіресе, 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысы, банк секторын құтқару және COVID-19 пандемиясы кезінде ҰҚ қаражаты көптеп жұмсалды. Бұл жағдай бюджеттің тұрақтылығына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Мемлекеттік қарыз артып барады
Мемлекеттік қарызды қаржыландыру және қызмет көрсету үшін Қаржы министрлігі ішкі нарықтан қаражат тартуды арттырды.
2010 жылдан бері айналымдағы мемлекеттік бағалы қағаздардың көлемі екі есеге артқан. Алайда инфляция деңгейінің өсуі және базалық мөлшерлеменің көтерілуі қарызды өтеу шығындарын одан әрі көбейтіп отыр.
Қазақстанда соңғы жылдары инфляциялық қысым күшейді. Ұлттық Банк осыған байланысты қатаң ақша-несие саясатын жүргізіп, базалық мөлшерлемені жоғарылатты. Бұл қадам қарызға қызмет көрсету құнын арттырып, бюджетке қосымша жүктеме түсірген,
Сарапшылардың пайымдауында, қысқа мерзімде мемлекеттік қарыздың тез өсуі – Қазақстанның қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай жағдай елдің қарыз нарығындағы тәуекел сыйақысын көбейтіп, қарыз алу құнын арттырады. Егер мемлекеттік қарыз бақылаусыз өссе, болашақта қаржылық тәуелсіздік деңгейі төмендеуі мүмкін.
Halyk Finance сарапшылары мемлекеттік қарыздың тұрақты деңгейін сақтау үшін Ұлттық қордан алынатын трансферттерді азайтып, жеке сектордың рөлін күшейту қажетін атап өтеді. Сондай-ақ, бюджеттік саясатты оңтайландыру және инфляцияны бақылау ел экономикасының ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектеседі.
Биыл Қазақстанның бюджет тапшылығы биыл 4 трлн теңгеге жетіп, мұнайдан түскен түсіпдерді есепке алмаса, 10 трлн теңгеден асуы ықтимал. Ал мемлекеттік борыш 32 трлн теңгеге жетіп қалды.