Жаңалықтар

Алмасадам Сәтқалиев жаңа қызметке тағайындалды

Сәтқалиев жаңа қызметке тағайындалды
Алмасадам Сәтқалиев жаңа қызметке тағайындалды/Фото: Аскар Ахметуллин

Алмасадам Сәтқалиев Энергетика министрі қызметінен босатылып, жаңадан құрылған агенттік төрағасы болып тағайындалды.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Алмасадам Майданұлы Сәтқалиев Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды» делінген Ақорда хабарламасында.

Алмасадам Сәтқалиев 1970 жылғы 31 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген.

Бұған дейін басқарған Энергетика министрлігінің сайтында алғашқы жұмыс орны ретінде «ТаССаТ» ЖШС-і көрсетілген. Ол 1992-1997 жылдары компанияға басшылық еткен.

Алмасадам Сәтқалиев әр жылдары «Қазтрансойл» ЖАҚ Жобаларды басқару департаментінің бастығы, «KEGOC» АҚ бірінші вице-президенті, «Самұрық» АҚ электр энергетикалық активтерді басқару жөніндегі директоры, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің вице-министрі, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы, «KAZENERGY» ЗТБ төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған

2023 жылғы 4 сәуірден бүгінгі күнге дейін Энергетика министрі болып келген.

Алмасадам Сәтқалиев тұсында елде жанар-жағармай қымбаттап, коммуналдық қызметтердің тарифі өсе түсті.