Жаңалықтар

Қазақстандағы қоймалардың басым бөлігі халықаралық талаптарға сай емес

Қазақстандағы қоймалар талапқа сай емес/ Фото: shutterstock

Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 1,55 млн шаршы метр қойма алаңы бар. Оның 900 мың шаршы метрі – А класты, ал 650 мың шаршы метрі – В класты нысандар. Алайда, IBC Global зерттеуінің нәтижесінде, көптеген «А класты» қоймалар заманауи талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды.

IBC Global зерттеуінің жаңа мәліметі бойынша, 2025 жылдың наурыз айында жалпы қойма алаңы 1,7 млн шаршы метрге жетіп қалуы ықтимал. Соның тек 375 мың шаршы метрі ғана А класының талаптарына толықтай сәйкес келеді.

Еліміздегі қоймалардың басым бөлігі биіктігі, жүк көтеру қабілеті, тиеу аймақтарының өлшемдері мен инженерлік жүйелері бойынша халықаралық стандарттардан артта қалған.

Қазіргі таңда қойма нарығындағы басым үлес Алматы және Алматы облысына тиесілі. Бұл өңірде барлық қоймалардың 60%-ы (990 мың шаршы метрден астам) орналасқан. А класты қоймалар бойынша көрсеткіш те жоғары – 146 мың шаршы метр.

Астанада жалпы аумағы 272 мың шаршы метр сапалы қойма қоры бар, оның 102 мың шаршы метрі ғана А класына жатады. Шымкентте бұл көрсеткіш одан да төмен – 62 мың шаршы метр.

Сарапшылардың пікірінше, қойма нарығы қарқынды дамып келе жатқанымен, құрылымдық өзгерістер қажет. Қазіргі таңда В класты қоймаларға сұраныс төмендеп, С класты қоймалар нарықтан ығыстырылып жатыр.

Мұндай нысандарды қайта бейімдеп, өндірістік кешендер мен деректер орталықтары ретінде пайдалану тренді байқалады. Ал А класты қоймаларға сұраныс өсіп, жалдау құны қымбаттап жатыр.

Ал елдегі қойма инфрақұрылымының әлсіздігі бөлшек және электрондық сауданың дамуын тежеп отыр. Сарапшылардың болжамынша, алдағы 12 ай ішінде сапалы қойма алаңы 107%-ға ұлғайғанымен, бұл да нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз ете алмайды. Қазақстан қойма нарығы әлі қалыптасу кезеңінде тұр.