
Қазақстанда мұғалімдерге көмектесетін робот-лаборанттар пайда болды. Оны ғалымдар емес, мектеп оқушылары жасаған.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл роботтарды Арсен Сисенбай мен Айдарбек Мирас атты оқушылар ойлап тапқан. Олар Ақтөбе облысы Шалқар қаласындағы №3 орта мектебінің 9-сыныбында оқиды екен.
«Жас өнертапқыштар құрылғыны C++ бағдарламалау тілін және Arduino микроконтроллерін қолдана отырып жасады. Роботты смартфон арқылы басқару үшін RemoteXY платформасын пайдаланған, ал схемалар Tinkercad көмегімен жасалды», – деп хабарлады министрлік.
Бұл роботтардың қызметі – оқу үдерісінде жәрдем беру. Робототехника пәндері кезінде қандай бөлшектердің керек екенін айтып береді. Сонымен қатар қауіпсіздік ережелерін ескертіп отырады. Роботтар физика және информатика секілді пәндерді оқыту барысында зертханалық жұмыстарды жеңілдетуге ықпал етпек. Оқу барысында көрнекілік ретінде қолданылып, сабақтың тиімділігін арттырады.
«Бұл робот мұғалімдерге зертханалық жұмыстарды ұйымдастыруды жеңілдетеді және оқушылардың өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын арттырады, инженерлік мамандықтарға деген қызығушылықты күшейтеді», – дейді жас өнертапқыштар.
Арсен Сисенбай мен Айдарбек Мирас оқу барысын автоматтандыруға үлес қосуды көздеп отыр.
Сондай-ақ Қытай компаниясы елімізде адам тәрізді роботтар шығара бастамақ.