
Дональд Трамптың «Америка дауысы» мен «Азат Азия» радиосына жетекшілік еткен агенттікті жабу шешіміне Қытай мен Камбоджа ерекше қуанды. Екі ел бұрыннан бері америкалық БАҚ-ты сынап келеді деп жазды Bloomberg.
Камбоджалық әккі саясаткер Трамп әрекетін «фейк жаңалықтармен күрес» деп атаса, қытай газетінің редакциясы америкалық медианы даттайтын арнайы материал жариялады.
Қытай реакциясы: Шыңжаң өңіріндегі «адам құқығын даттады»
Ал Қытайдың мемлекеттік Global Times газеті VOA-ның жабылғанын редакциялық мақаламен атап өтті. Газет материалы «Өсек фабрикасы» деп танылған VOA жұмысы неге тоқтады – редакция мақаласы» деп аталады. Редакция америкалық медианы «жанжалды өршітіп, әлеуметтік араздық қоздырған, тіпті жүйені ауыстыруға күш салған» деп сипаттады.
Қытай газеті 2023 жылы Қырғызстан билігінің «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының жергілікті бюросын жабуды бұйырғанын, былтыр Ресей билігінің RFE/RL-ді «шетел агенті» деп танығанын атап өткен.
Бұған қоса, газет америкалық медианы «Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі адам құқығын даттады» деп те айыптаған.
Қырық жылға созылған билігін ұлына қалдырған саясаткер
Камбоджа премьер-министрі қызметін шамамен қырық жыл атқарып, 2023 жылы орнын ұлына тапсырған Хун Сен де қалысқан жоқ.
«Біз президент Дональд Трамптың фейк жаңалықтармен күресті АҚШ үкіметі қаржыландыратын жаңалықтар агенттігінен бастаған табандылығын жоғары бағалауымыз керек», – деп жазды фейсбуктегі парағына камбоджалық әккі саясаткер.
Ол Трамппен бірге түскен бірнеше суретін қоса жариялауды жөн көрген, АҚШ президентіне бірнеше мәрте алғыс айтқан.

14 наурызда Дональд Трамп «Америка Дауысы», «Азат Азия» радиосы, «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы (RFE/RL) және басқа да жаңалықтар ұйымдарына жетекшілік ететін USAGM агенттігін қысқарту жөніндегі жарлыққа қол қойды.
VOA директоры Майкл Абрамовиц 1300 адамнан тұратын штаттың бәріне дерлік демалыс берді. 1952 жылы ашылған телеарна шамамен 50 тілде хабар таратады.

RFE/RL бас директоры Стивен Капус президент шешімі «Америка жауларына үлкен сый» болды деп атады. Топ-менеджер Қытай, Ресей және Иранды меңзеді.
«Қарсыласқа жеңісті ұстатқан уақытта олар күшейеді, ал Америка әлсірейді», – деп мәлімдеген медиакорпорация басшысы.
RFE/RL корпорациясы Қазақ қызметінің директоры Торокул Дооровтың айтуынша, редакция жұмысын жалғастырады. Қырғыз қызметі де жұмысты тоқтатқан жоқ. Бішкектегі бөлімнің директоры Венера Жұматаева осылай деп мәлімдеді.
Чехия сыртқы істер министрі Ян Липавский кеңсесі Прагада орналасқан RFE/RL жұмысы маңызды деп мәлімдедеді. Ол медиакорпорация жұмысын ішінара сақтап қалу үшін ЕО сыртқы істер министрлерімен талқылауға уәде берді.