Жаңалықтар

Жаңа үйлердің бағасы бір жылда 15% қымбаттады

үйлердің бағасы
Жаңа үйлердің бағасының қымбаттауына не себеп / Фото: shutterstock

Жаңа үйлердің бағасы бір жылда 15%-ға қымбаттаған. Бұл туралы krisha.kz сайтындағы хабарламаларды талдаған Applied Economics Research Centre сарапшылары жазады.

Ақпан айында тұрғын үйлердің орташа шаршы метр құны 2,2% қымбаттап, 468 818 теңгені құрады. Бұл 2024 жылдың ақпан айымен салыстырғанда 15,6%-ға жоғары. Былтыр баға 400 мың теңге шамасында болған.

Соның ішінде элиталық тұрғын үйлердің бағасы айтарлықтай жоғары қарқынмен өсіп жатыр. Бұл сегменттегі жылдық өсім 6,7%-ды құрады. Эконом, бизнес және комфорт санатындағы тұрғын үйлердің бағасы 2,3%, 1,9% және 0,7% көтерілген.

Әсіресе, Алматыда тұрғын үй бағасы айтарлықтай өсті. Ақпандағы көрсеткіш 5,3% көтеріліп, 723 587 теңгеге жетті. Жылдық өсім 21,5%-ды құрады. Бұл Алматыда баспана Қазақстан бойынша ең қымбат екенін тағы да дәлелдейді.

Сонымен қатар Астанада да баға өскені байқалады, бірақ өзгеріс айтарлықтай емес. Орташа есеппен жаңа пәтердің бір шаршы метрі 452 159 теңгеге дейін қымбаттап, айлық өсім 1,2%-ды құрады. Жылдық көрсеткіш 10,9%-ға артты.

Ал Шымкентте тұрғын үй бағасы салыстырмалы түрде тұрақты. Мұнда жаңа баспана құны 439 779 теңгені құрады. Бағаның ең төменгі деңгейі Ақтөбе (270 559 теңге), Орал (284 136 теңге) және Ақтау (308 227 теңге) қалаларында тіркелді.

Жаңа салынған үйлердің қатары аз

2025 жылдың қаңтар айында құрылыс жұмыстарының көлемі 12,7%-ға өсті. Бұл өсім негізінен коммерциялық нысандардың салынуымен байланысты.

Алайда тұрғын үй құрылысы керісінше 55,9%-ға қысқарған. Сонымен қатар пайдалануға берілген жаңа тұрғын үйлердің саны 27,7%-ға азайды.

2025 жылы Үкімет 19 млн шаршы метр тұрғын үй салуды көздеп отыр.