
«Ескі Қазақстан» тақырыбын жиі әңгіме ететін депутат Ермұрат Бапи тағы да Назарбаев дәуіріндегі биліктің ықпалын еске салды.
«Жаңа Қазақстанға» тас ататындар «ескілердің» есесін күйттейді…
Мәжілісмен елдегі 30 жылдық сірескен авторитарлық жүйені құрту жаңа билікке оңайға түспей жатқанын айтады. Тіпті ескі билікті аңсаушылардың қарсылығы Қаңтар оқиғасынан кейін де жалғасқанын атап өтті.
«Ескілердің ерегескен қарсылығы Қаңтардан кейін де дамыл тапты дей алмаймыз. Қазыналық-бюджеттік астаудан қағылған, халықтық мұраға мұртын батыру дағдысына қайтып оралуды аңсаған олардың астыртын айқасы әлі де жалғасып жатыр. Бүгінде олар протестік пиғылдағы қауымдастықты өз қатарына қаратудың жанталасқан қамын жасауда. Әлеуметтік желілерде жалаулатып жүрген жекелеген қоғамдық пікір серкелерінің «Жаңа Қазақстанға» қарай атқан тасы «ескілердің» есесін күйттейтіне куә болып жүрміз»,– деді Бапи Мәжіліс отырысында.
Ермұрат Бапи жеке дара билікке табыну да белең алып кеткенін сөз етті.
«Жеке дара билікке табыну дерті өн бойына сіңіп кеткен мемлекеттік-бюрократиялық аппаратты да созылмалы автократиялық дерттен айықтыру оңай болмай тұрғанына осы ортаға келген менің көзім әбден жетті»,– деді ол.
Мәжілісмен билік пен халықты ортақ тіл табысуға шақырды. Ол болмаған жағдайда «Жаңа Қазақстан» идеясын толыққанды жүзеге асыру мүмкін емес деп санайды.
Осыған дейін де Ермұрат Бапи ескі билікті сан мәрте сынаған еді. Мәселен, «Ескі Қазақстанды» дәріптеп жүргендерді тексеруді талап еткен болатын. Депутат қоғамға іріткі салушылар мен астыртын күштерді әшкерелеуді сұрайды.