
Неміс автокомпаниясының бас директоры Ола Каллениус биыл жазда саудаға түсетін жаңа CLA электромобиль седанын таныстырып, Tesla-ны Еуропа автонарығынан түпкіліпті ығыстырып шығаруды көздейтінін мәлімдеді. Mercedes-Benz CLA бағасы мен басты ерекшелігіні қандай?
Германияның басты автокомпаниясы 2025 жылы жалғыз дана электромобиль шығарады. Жоғары технологияға негізделген Mercedes-Benz CLA седаны Илон Масктың Tesla-сын Еуропа елдері сатып алудан бас тартып жатқан уақытта нарыққа түседі.
Инновацияда Mercedes-ке теңесер ешкім жоқ
Mercedes-Benz америкалық миллиардерден көңілі қалған тұтынушыларға өз өнімін өткізуге тырысады. Мәселен, биыл ақпан айында Германияда Tesla саудасы бірден 76%-ға төмендеді. Саясатқа араласқалы бері Маск немістерге жақпайтын бірнеше өткір мәлімдеме жасап үлгерген.
Bloomberg мәліметінше, Римдегі таныстыру кешіне ықпалды адамдар, халықаралық деңгейдегі VIP-тұлғалар көп жиналды. Олар жаңа седанды тамашалап қана қоймай, әйгілі испан әншісі Камила Кабельоның өнеріне тамсанды. Каллениус сахна төрінде Рим папасына денсаулық тілеп, автонарықтағы бәсекелестеріне сәлем жолдады.
«Мен шынымен басқа да брендтердің тұрақты тұтынушыларын Mercedes-ке тартуға мүмкіндігіміз мол деп есептеймін», – деп мәлімдеді неміс компаниясының бас директоры.
2024 жылы әлем бойынша 2 миллионға жуық автомобиль сатқан Mercedes-Benz түсімге аса риза емес. Себебі сауда 3%-ға төмендеген, неміс компаниясын Қытай нарығынан жергілікті өндірушілер ығыстырып шығарып жатыр. Оларды өзіне қайта қарату үшін немістер озық технологияға басымдық беріп отыр.
«Баға соғысы қызып тұр. Біз одан мүмкіндігінше алшақ болуды қалаймыз. Дегенмен инновация жағынан Mercedes бәрінен жоғары тұруы керек», – дейді Каллениус.

Mercedes-Benz CLA электрокарының бағасы және артықшылығы
Шынымен, неміс автокомпаниясы алдағы екі жылда технологиясы өте жоғары 25 жаңа модель шығаруды көздеп отыр. Олардың жартысы электромобиль болады. Солардың алғашқысы – осы Mercedes-Benz CLA.
Жаңа седан өндірісі енді басталады. Ол биыл жазда саудаға түседі. CLA бағасы – шамамен 50 мың еуро (54 мың доллар). Компания Илон Маск өнімін ығыстырып қана қоймай, Қытайдың BYD, Geely секілді екпіні қатты автогиганттарын орнына қоюды көздейді.
Тұтынушылар көңілін табу мақсатында седанның төбесі әйнектен жасалған. Ол ультракүлгін сәулелер өткізбейді, бірақ салонға жарық береді. Электромобиль қуаты 792 шақырымға дейін жетеді.
«Мұндай қуат бір де бір қытай автокөлігінде жоқ», – деп мақтанды Mercedes-тің техникалық директоры Маркус Шефер.
Есесіне қытайлық BYD автогиганты электромобильді жылдам қуаттау көрсеткіші жағынан бәрін басып озғанын бұған дейін жазғанбыз. Ол бес минуттың ішінде 400 шақырымға жететін қуатты жинай алады.