
Қазақстан мұнайының 80%-ы айдалатын Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК) Ресей мен Украинаның шабуылдауға болмайтын нысандар тізіміне енді.
Ресей мен Украинаның энергетика жүйесінде шабуылдауға болмайтын нысандары тізімі Кремль сайтында 25 наурызда жарияланды. Онда нақты нысандардың атауы көрсетілмеген, бірақ бес түрлі сипаты атап көрсетілген.
Сонымен, жауласушы екі ел арасында мына нысандарға шабуылдауға болмайды:
- 1. Мұнай өңдеуші кәсіпорындар;
- 2. Мұнай және газ құбырлары мен қоймалары, сонымен бірге мұнай айдау станциялары;
- 3. Электр қуатын өндіретін және тарататын инфрақұрылымдар. Соның ішіне электр станциялары, электр тораптары, трансформаторлар мен қуатты бөлуші нысандар кіреді;
- 4. Атом электр станциялары;
- 5. Су электр станцияларының дамбалары.
2025 жылғы 18 наурызда басталған уақытша мораторий 30 тәулікке созылады. Тараптар оның мерзімін ұзарта алады.
Жауласушы тараптардың бірі мораторий шарттарын бұзған уақытта, екіншісі осындай міндеттерді сақтаудан босайды.
Жыл басынан бері КҚК желісіне кіретін бірнеше нысан шабуылға ұшыраған, тіпті бір станциясы екі ай жұмысын тоқтатқан.
Каспий құбыр желісі консорциумын 24% акциясына ие Ресей бақылайды. Қазақстан атынан «ҚазМұнайГаздың» 19% үлесі бар.
Бұлардан бөлек, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company (15%) және Mobil Caspian Pipeline Company (7,5%) секілді америкалық компаниялар консорциум үлесіне ие.
Ресейлік «Лукойлдың» үлесі – 12,5%, ал бірлескен Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited кәсіпорыны (Ресей мен Ұлыбритания) үлесі – 7,5%. Акционерлер арасында Италияның Eni International N.A. N.V. S.ar.l. және ағылшынның BG Overseas Holdings Limited компаниялары да бар. Олардың әрқайсының үлесі – 2%.
Консорциумның қалған акциялары Oryx Caspian Pipeline LLC және Kazakhstan Pipeline Ventures LLC компанияларына тиесілі – 1,75%.