Жаңалықтар

Прокуратура порнографиялық каналға тіркелген 8 мың адамның педофилияға қатысы бар-жоғын тексереді

отставка
Бас прокуратура порнографиялық каналға тіркелген 8 мыңнан астам адамды педофилияға қатысы бар-жоғын тексереді / Фото: Бас прокуратура

Бас прокуратура порнографиялық каналға тіркелген 8 мыңнан астам адамның педофилияға қатысы бар-жоғын тексереді. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Түркістан облысының прокуратурасы «Telegram» әлеуметтік желісіне талдау жүргізген. Нәтижесінде порнографиялық сипаттағы арнаны анықтаған. Ол арнада кәмелетке толмағандардың қатысуымен фото және бейне материалдары жарияланған. Бұдан кейін құзырлы орган арнайы қаулы шығарып, жедел-іздестіру іс-шараларын бастап кеткен.

«Тексеру барысында «Telegram» желісінде 2500 теңгеге порнографиялық бейнероликтер, оның ішінде кәмелетке толмағандар мен мектеп оқушыларына қатысты материалдар ұсынылғаны анықталды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Бұл арнада барлығы 8012 жазылушы тіркелген. Олардың дені Қазақстан мен ТМД елдерінің жазылушылары.

Прокуратура арнайы іс-шараларының негізінде порно канал ұйымдастырушыларын, сол арнаға тіркеліп, жазылатындардың ақшасын қабылдайтын дроперлерді анықтаған.

Ал 14 наурыз күні прокуратура ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасымен бірлесіп, бұл арнаға қатысы бар топ мүшелерін құрықтаған. Күдіктілер Түркістан және Қызылорда облыстарында ұсталған.

Порнографиялық арнаның бас ұйымдастырушысы бұған дейін ауыр қылмыс жасағаны үшін сотты болғаны анықталды. Қазіргі таңда ол адам қамауға алынған.

«Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 311-б. және 312-б. 1-б. бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Бұған қоса, прокуратура бастамасымен «Telegram» желісіндегі бұл арнаға тіркелген 8 мың жазылушы тексеріледі. Олардың әрекеттерінде педофилия белгілерінің бар-жоғы тексеріледі және осыған ұқсас қылмыстар үшін бұрын сотталғандар бар ма, жоқ па анықтайды. Егер олардың құқыққа қайшы ниеті расталса, оларды уәкілетті және құқық қорғау органдары есепке алып, бақылауда ұстайды.