
Қытай билігі жүргізушілерге көлік басқарған уақытта озық технологияларға көп жүгінбеуге, жолда абай болуға кеңес берді. Апта бұрын Xiaomi электромобилі апатқа ұшырап, үш адам қаза тапқан.
Автопилот көп қолданбауға үндеді
Bloomberg мәліметінше, Қытайдағы әлеуметтік желі қолданушылар жол бойында көлік жүргізу интеллектуалды жүйелеріне тыйым салатын белгілер пайда болғанын байқаған. Бұған қоса, 4-6 сәуірдегі мерекелік демалыс күндері Чжэцзян, Цзянсу және Аньхой провинцияларында тұрғындарға жылдам автомагистралдарда мұндай жүйені қолдану кезінде абай болуға ескерткен.
Полиция 29 наурыздағы жол апатын әлі тергеп жатыр. Сол күні Xiaomi SU7 электромобилі Аньхой автомагистралында қатты жылдамдықпен келе жатып апатқа ұшыраған. Жол апатынан үш әйел қаза тапқан.
Мәліметтерге қарағанда, электромобильдің Navigate on Autopilot жүйесі қосулы тұрған. Соған байланысты ол жөнделіп жатқан жолды байқамай, бетонға соққан. Бұл туралы Xiaomi компаниясы 1 сәуірде таратқан есепте айтылған.
БАҚ мәліметінше, жол апатынан кейін электромобиль өртенген.
Xiaomi өкілдері үнсіз
Содан бері Xiaomi өкілдері көпшілік алдына көп шығып жатқан жоқ. Компанияның негізін қалаушы, бас директор Лэй Цзюнь жол апатынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтқаннан кейін, бес күн бойы әлеуметтік желілерге ештеңе жазбады.
Лэй Цзюнь жексенбі, 6 сәуір күні ғана компанияның құрылғанын 15 жыл толуына орай қысқаша құттықтау жариялады.
Жол апаты Xiaomi электромобильдеріне ғана емес, автономды көлік басқару жүйесін мақтайтын Tesla, BYD секілді автогиганттардың кәсібіне де соққы болып тиюі мүмкін. Себебі аталған компаниялар озық технологияларды болашақтың саласы деп дәріптеп жүр.
Естеріңізге сала кетейік, Қытайдың смартфон және электромобиль шығарумен айналысатын Xiaomi корпорациясы директорлар кеңесінің тең төрағасы Лэй Цзюнь бір күнде 7,8 млрд доллар жоғалтты. Компания акциялары 20%-ға құлады.
Бұған дейін Қытай автогиганты BYD өнімдерінің бәріне «Құдайдың көзі» автономды басқару жүйесін орнататынын мәлімдеген.
Сонымен бірге BYD жақында ғана электромобильді бар болғаны бес минутта қуаттайтын құрылғыны таныстырған.