
Алматыда «Меркурий Тауэрс» тұрғын үй кешенінің күзетшісін өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Айыпталушы 22 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды Kursiv.Media.
Бұған дейін БАҚ-та сотталушының экс-депутат Саламғазы Тастандиевтің ұлы Асқар Тастандиев екені айтылды.
Іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық түрде қаралды.
Сотта 2024 жылдың наурызында түнгі уақытта сотталушы мас күйінде жәбірленушімен жанжалдасып арты төбелеске ұласқаны анықталды. Содан кейін сотталушы көлігіне отырып, тұраққа шығатын жерге қарай бет алған. Сол жерде жәбірленуші сотталушының тұрақтан шығуына жол бермей, қақпа мен шлагбаумды жауып тастаған. Сотталушы қақпаны, шлагбаумды және бағананы қағып, артында тұрған жәбірленушіні қағып кеткен. Содан кейін көлігімен жерде жатқан жәбірленушінің үстіне басып өткен. Артынша көліктен түсіп, жерде жатқан күзетшіні ұрып-соққан.
Жәбірленуші алған жарақатынан ауруханада көз жұмды.
Сотталушы бұл әрекетті мас күйінде жасаған.
2025 жылдың 9 сәуірінде сот үкімі шықты. Соған сәйкес, Асқар Тастандиев 22 жылға бас бостандығынан айырлылды. Сотталушыдан кісі өлтіру әрекеті бойынша моральдық шығынды өтеу үшін 20 миллион теңге, ал жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзғаны үшін 4 миллион теңге өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұл оқиға 2024 жылы 29 наурызда болған.