Lifestyle

When Life Gives You Tangerines: Желіні шулатқан корей дорамасының танымал болуына не себеп

When Life Gives You Tangerines: Желіні шулатқан корей дорамасының танымал болуына не себеп?
When Life Gives You Tangerines: Желіні шулатқан корей дорамасының танымал болуына не себеп? / Фото: Netflix

Netflix-тің «Өмір мандарин сыйлағанда»  (кор. 인생은 귤처럼, англ. When Life Gives You Tangerines) деп аталатын корей дорамасы әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрерменнің көңілін баурап, стримингтік платформаларды «жарып» жатыр.  Сериал күтпеген жерден, ешқандай жарнамасыз-ақ танылып, кенеттен мыңдаған адамның сүйікті дорамасына айналды. 

Туынды алғашында корейше «Pokssak Sogatsuda» деп аталған. Бұл Чеджу аралына тиесілі диалог, «қажырлы еңбек еткенің үшін рақмет» деген мағынаны береді. 

Бүгінде көрермен дораманы жан-жақтан мақтап жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары «Үш ұрпақтың хикаясын осындай қысқа сериалға қалай сыйдырғанына таң қаламын», «Сценарий авторына бас иетіндей екен», «Netflix-те жарияланған, жалпы өмірімде көрген дорамалардың ең ғажабы осы болды» деп жарыса жазып жатыр. 

Сериал режиссеры әрі сценарий авторы Ли Джен Ён көрерменге күнделікті өмір, өзіңді табу жайлы және өмірдегі кішкентай қуанышты сәттерді көре білу туралы жып-жылы хикая ұсынды. 

Сонымен, бұл сериал қалайша аз ғана уақытта феноменге айналды? Жұрт ол жайлы неліктен жарыса жазып, мақтауын асырып жатыр? Көрермен сериалды неге бір шыныаяқ шаймен, үйге оралған сәтпен немесе өз-өзіңе жазған жылы хатпен байланыстырады? Сеулден бастап, Алматыда отырған көрерменге дейін бәрі бірдей «Дораманы көріп ағыл-тегіл жылап, бірақ соңында бір жеңілдікті сезіндім» деуінің себебі неде?

Бүгінгі рецензия-материалымызда «Өмір мандарин сыйлағанда» дорамасының феноменін талдауға тырысамыз.

Көп тақырыпты қамтығаны үшін, шым-шытырыққа толы оқиға желісі үшін, болмаса режиссер шешімдері үшін ұнап қалатын сериалдар болады. Бірақ сонымен қатар арнайы эффектлерімен емес, жұлдызды кастымен емес, шынайылығымен, бір ерекше жылуға бөлейтінімен баурап алатын сериалдар да бар. «Өмір мандарин сыйлағанда» деп аталатын дорама сол екіншілерден болып шықты. 

Кадр арқылы жылу сыйлау: неліктен сериал қыстыгүні шай ішкенмей бірдей әсер сыйлайды

«Мандариннің» әр сериясы  ескіден танитын досыңның үйіне барып, талай сыр ақтарылған ас үйіне кіріп, дастархан басында ұзақ отырып, ыстық шай ішкенмей бірдей. Үйдегі жайлы атмосфера. Жан тыныштығы. Досыңмен ағыңнан жарылып, іштегіні бүкпей жайып салып, жеңілдеп отырасың. Арман-қиялдарыңды ортаға салып, жүрегің тағы жылып қалады. Бұл жерде ешқандай драма, пафос жоқ. Бұл тек шынайылыққа негізделген, үнсіздіктің өзі мағынаға толы болатын жайлы отырыстардың жайы.

Көрермен сериалды сол шынайылық үшін ұнатты. Сериал «Мен» деп айғаламайды, сыбырлап сөйлеп, баурап алады. 

Кейіпкерлерінен өзімізді таныдық

Дораманың басты тұсы – кейіпкерлері. Олар мінсіз емес, мінсіз болуға тырыспайды да. Олар қателеседі, қорқады, үнсіз де қалады, жақсы көріп тұрып, жоғалтып та алады. Көрермен дәл осы кейіп үшін оларды жақын тартты.

Сериалдағы басты кейіпкер ару – суперкейіпкер емес, аңғал көңіл күлше қыз да емес. Ол – шынайы, өзіміз сияқты: үнемі ішкі үрейімен арпалысып жүретін, басында сан түрлі монолог мәтіні бар, кенет жымия салатын, өзіміз сияқты ересек адам болса да, кейде отыра қап, «Мен әлі өскенде кім болатынымды білмеймін» дейтін, ересек бола тұра, кейде өмір мәнін түсінбей кететін кәдімгі адам. Ол бір бойына осы бір өмірдің өтпелі кезеңінде жүрген миллиондаған кейіпкерді сыйдыра білді.

Ал жігіт рөліндегі кейіпкерге келсек, ол – жай күндері көзге түсе бермейтін, бірақ бір сәтте бәрінің орнын алмастыра салатын адам. Мейірімділік, шынайылық, қамқорлық – бұл ойдан құрастырылған, қиялда ғана болатын романтика емес, бұл біздің шынайы өмірде көріп, сезінгіміз келетін дүние екенін ұғындыратын маңызды кейіпкер де осы жігіт.

«Өмір мандарин сыйлағанда» – баяу есейіп, өзіңді танып, қабылдап, кешіре білу туралы хикая. Дорамада ата-анамен қарым қатынас, қажу, сенімсіздік, достық мен бақыт сияқты сан сала көтеріледі. Ата-ананың баласын қиындықтан қорғау үшін қандай құрбандыққа баратыны, балалардың эмоциялық тұрғыда жетіліп, ата-анасының бастан кешкенін ұғына бастағанынан көрермен әсерленбей қоймады.

Ең бастысы, сериал ешкімді сынамайды. «Әлсізсің» деп айып тақпайды. Көрермен бірден «Сені түсінемін. Сен жалғыз емессің» деген хабарды ұғынады.

Эстетикалық ләззат. Көрген көзің рахаттанады

Дораманың әр кадры бір фотосурет пе дерсіз… Әр детальға мән беру, камераны бұрып тұрып, шай шынысына бір қаратып, терезеге түскен жарыққа бір қаратып ұзақ кідіру – ұсақ-түйек көрінсе де, көрерменге эстетикалық ләззат сыйлатын бір ерекшелік. 

Жалпы дораманың сюжеті сондай жайлы, ол көрерменді қинамайды, қыспаққа алмайды, керісінше «құшақтап алғандай» сезім сыйлайды. Қазір адамдар гипердрамадан шаршады, барлық жерден шынайылықты көргісі келеді. Бұған қоса сценарий ешкімге өмір сүруді үйретуді, керексіз кеңес айтуды мақсат етпейді. Керісінше, «Кел, қиындықты бір көрейік, қайғыны тең бөлейік» дегендей болады. Айнала қажетсіз ақпаратқа, токсик адамдарға, үнемі бірдеңе үйреткісі келетінін айтып, жарнама жариялайтын коучтарға толған тұста бұл дораманы көрген адам Алматының түтінінен тауға қашып барып, таза ауамен тыныстағандай күй кешеді.

«Өмір мандарин сыйлағанда» – жай ғана дорама емес. Бұл әркім өз-өзіне ешқандай маманның рецебінсіз-ақ тағайындай алатын ғажап терапия. Ол барлық пробелмаңызды шешпесе де, жалғыз емес екеніңді анық көруге мүмкіндік береді. Бәлкім, оның феномендігінің сыры да осы болар. 

Сериал биыл наурыз айында Netflix платформасында көрсетіле бастады. Алғашқы аптадан-ақ танымал болған бұл дораманы әлі көрмеген болсаңыз да, қуаныңыз. Себебі сізді алда ең керемет дорамамен таныстық күтіп тұр. «Өмір мандарин сыйлағанда» дәмді тіскебасар алып, диванға ыңғалайғана орналасып алып … өмір сүріп жатқаныңды сезіндіретін туынды. Бұл жылдамдығын 1.5-ға қойып, соңында не болар екен деген оймен көретін дорамалардан емес. Бұл әр сәтін сезінуіңіз керек дорама. Одан соң өмірдің де әр сәтін сезінуге тырысатын боласыз.