«Қызығады, еріккен дейді, сөгеді»: америкалық фитнес блогер ешкімді бей-жай қалдырмады

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Қызығады, еріккен дейді, сөгеді. Америкалық фитнес блогер ешкімді бей-жай қалдырмады
Қызығады, еріккен дейді, сөгеді. Америкалық фитнес блогер ешкімді бей-жай қалдырмады/Коллаж: KursivMedia

Аshton Hall есімді америкалық фитнес инфлюенсер желіде жылдам танылып жатыр. Күні таңғы 4-тен басталатын оның видеолары қысқа уақытта желіде жалпы жиыны миллиардтан астам қаралым жинаған.

Апта сайын миллион оқырман

29 жастағы Аshton Hall әлеуметтік желісін 5 жылдан бері белсенді жүргізеді. Алайда оның танымалдыққа ие бола бастағанына бірер ай ғана болды. Қазіргі таңда оның instagram парақшасына апта сайын миллионнан астам адам жазылады.

Таңғы 4-те тұру

Оның өмір салты ерекше. 3:52-де тұрып аузына жапсырылған қара жолақшаны алады. Мұны ол ұйықтағанда тек мұрынмен тыныс алу үшін жасайды. Содан соң, брендтелген су ішіп, қолды бүгіп-жазу арқылы кеуде жаттығуын жасайды. Ыдысқа брендттелген су құйып, оған мұз салып, лимонды сығады да мұздай суға бетін матырады. Жолақта жүгіріп, темір-терсек көтереді. Банан жеп, қабығымен бетін сүртеді. Бассейнге шомылады, мұздай ваннаға отырады, душ қабылдайды. Таңғы ас жейді, күнделігіне әлденені түртіп, жазып отырады.

Кейін қымбат киім киіп әлдебір жаққа кетеді. Кейде кездесулерге, кейде тренажерлік залға барады. Кейде жанкүйерлерімен кездеседі, подкастарда әңгімелесіп отырады. Бірде жалғыз, кейде күзетшілерімен жүреді. Видеода әрдайым суын беріп, сүлгі ұсынып жүрген әйел адамның қолы көрінеді. Кей видеоларында бет-аузын, жартылай жалаңаш денесін тұмшалап, жүгіріп жүреді. Кейінгі кезде әр миллионыншы жазылушысын қымбат көліктердің фонында әдеттегі кейіппен жүгіріп атап өтетін форматта видеолар ұсынып жүр. Оның таңғы 4-те басталған осындай әрекеттері бірнеше сағатқа созылады. Өзінің айтуынша, мұндай өмір-салты оған күні бойы сергек жүруге, өнімді жұмыс істеуіне көмектеседі.

Блогерге деген көзқарас

Аshton Hall-дың мұндай күн тәртібіне көзқарасы әрқилы. Видеолардың әсемдігіне, фитнес блогердің ойнаған бұлшық етіне қызығатындар қаншама. Қымбат өмірді тамашалап қана отыратындар да жетерлік. Аshton Hall-ға еліктеп, соған ұқсағысы келіп видео түсіретіндер жиілеген. Ерекше таңғы рәсімдерді әзілге арқау өтіп, күлкілі видеолар жасайтын да көп. Блогерді желіде жылтырақты ғана көрсетуші, еріккен біреу, контент үшін бәріне баратын адам, шын өмірде, ешкім бұлай істемейді деп сөгетіндердің де қарасы аз емес. Не де болса, Аshton Hall түсірген видеолар көрген адамды бей-жай қалдырмай, вирусқа айналуда.

Егер Аshton Hall-дың өмір-салты еліктіріп, фитнеспен шұғылдануға қызығушылығыңыз пайда болса, бастамас бұрын білу керек нәрселермен танысып шығуға шақырамыз.

Сондай-ақ оқыңыз