Жаңалықтар

Жаз әдеттегіден ыстық болады. Экология министрлігі барлық бөлімшені жауынгерлік әзірлікке келтіреді

Жаз өткен жылдармен салыстырғанда ыстық әрі құрғақ болады / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов
Жаз өткен жылдармен салыстырғанда ыстық әрі құрғақ болады / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Биыл жаз өткен жылдарға қарағанда ыстық болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.

«Қазгидрометтің» болжамы бойынша, биыл жаз өткен жылдарға қарағанда ыстық болады. Осыған байланысты облыс әкімдіктері дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша жан-жақты шаралар қабылдап, орман шаруашылықтарының күштері мен құралдарын толық жауынгерлік дайындыққа келтіруі қажет», – деді .

Министр өз құзыретіндегі ведомстволық ұйымдардың толыққанды жауынгерлік әзірлікке келтірілетінін, солайша мемлекеттік орман қоры аумағында ірі орман өрттерінің алдын алу бойынша барлық қажетті шара қабылданатынын мәлімдеді.

Орманды аймақта демалуға тыйым салынады

Премьер Олжас Бектенов жаз мезгілінің ыстық әрі құрғақ болатынына байланысты әкімдіктер мен министрліктерге тапсырма берді.

«Әсіресе, еліміздің Батысы мен Шығысында және оңтүстігінде өрт қаупі күшеюі мүмкін. Дала мен орман алқаптарында қазірдің өзінде күнде өрт шығып жатыр. сондықтан барлық қызмет шұғыл қимылдап үйдесімді әрекет етуі қажет», – деді Бектенов.

Сонымен бірге премьер-министр көптеген әкімдіктердің өртке қауіпті кезеңге лайықты деңгейде дайындалмағанын айтты. Атап айтқанда, Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының орман мекемелері өрт қаупі жоғары кезеңге дайын емес болып шықты. Ал Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстарында елдімекендердің аумағын қураған шөптер мен қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілмеген.

Бұл олқылықтардың орнын толтыруға үкімет басшысы жауапты органдарға 10 мамырға дейін уақыт берді.

Бектенов қауіпсіздік мақсатында орман алқаптарында демалуға тыйым салуды Ішкі істер министрлігіне тапсырды.

«Ішкі істер министрлігі өрт қаупі жоғары кезеңде орман алқаптарында демалуға тыйым салу шараларын қабылдасын. Рейдтер мен күзет кестесін жасасын. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғандардың барлығын жауапкершілікке тарту керек», – деді ол.