
Алматыда экс-судья Светлана Жолмановаға қатысты сот процесі басталды. Ақпаратты Алматы сотының баспасөз қызметі растады. Қылмыстық іс Медеу аудандық сотында қаралып жатыр, деп хабарлайды KursivMedia.
Bes.media сайтының хабарлауынша, сотталушы Жолманова қазірге дейін бірнеше рет сот залына келуге бас тартқан.
«Сотталушыға байланысты бесінші рет сот кейінге қалдырылды», – деп жазды редакция.
«Алғашқы екі отырысқа ол (сотталушы Жолманова – ред.) сот отырысына келмеді. Үшінші отырыста судья Қанат Әріновті ауыстыруды сұрады. Төртінші отырысқа да судьяны ауыстыру туралы өтініш жазбаша ұсынбағандықтан, сот отырысы тағы кейінге қалды. Бүгін тергеу изоляторы сотқа барудан бас тартқанын хабарлады», – деп жазды Bes.media іс бойынша прокурор Әлия Ілиясованың сөзін.
Бұған дейін Жолмановаға қатысты іс Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша қозғалғаны айтылды.
Тергеу мәліметінше, 2021 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде Светлана Жолманова азаматтардың 1 млрд теңгеден астам қаражатын алаяқтық жолмен иеленген. Бұл қаражатқа мүлік сатып алуға және тендерлік жобаларға қатысуға жәрдемдесетінін айтып сендірген.
Тергеп-тексеру барысында қылмыстық әрекеті әшкереленіп, алаяқтыққа қатысты 48 эпизод анықталған. Прокуратура мәліметінше бұл эпизодтардың барлығы бір іске біріктірілген.