Жаңалықтар

Депутат: «Отбасы банкіндегі» салымды үшінші тұлғаларға беруге тыйым салу керек

Депутат: Отбасы банкіндегі салымды үшінші тұлғаларға беруге тыйым салу керек
Депутат: «Отбасы банкіндегі» салымды үшінші тұлғаларға беруге тыйым салу керек/Фото: amanatpartiasy.kz

Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев салымшыларды үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен қорғау мәселесін көтеріп, премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады.

Оның айтуынша, соңғы жылдары жылжымайтын мүлік агенттері, нотариустар мен жеке сот орындаушыларынан құралған ұйымдасқан топ алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздары бойынша банктік шоттарда жатқан ақшалай қаражаттарды өндіріп алу әрекеттерін жиі жасайтын болған. Бұған «Нотариат туралы» Заңға сәйкес нотариус тарапынан атқарушылық жазба жасау мүмкіндігі жол ашып отыр.

«Өз кезегінде, атқарушылық жазба – борышкерден өндіріп алушыға тиесілі ақшалай соманы өндіру туралы нотариустың өкімі. Бұл құжат «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, жеке сот орындаушысының сұранысы бойынша несие берушілердің талаптарын мәжбүрлеп қанағаттандыруға негіз болады» – дейді депутат.

Оның сөзінше, бұл схемада несие беруші ретінде жоғарыда аталған жылжымайтын мүлік агенттері мен басқа да үшінші тұлғалар әрекет етеді. Олар клиенттерге қарыз рәсімдеу кезінде бастапқы жарна үшін ақшалай қаражат береді.

2024 жылы берілген қарыздар бойынша жалпы сомасы 3 млрд 442 млн теңге болатын 207 есептен шығару тіркелген. Оның ішінде ең көбі – үш жеке сот орындаушысы арқылы жасалған. Ол кезде «Отбасы банк» АҚ шоттарынан 3 млрд 267 млн теңге сомасына 185 есептен шығару жүзеге асқан.. Барлық жағдайларда есептен шығару атқарушылық жазба негізінде жүзеге асқан.

Депутат осы жайттарды ескеріп, үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен салымшыларды қорғауды қамтамасыз ету мақсатында төмендегідей заңнамалық шараларды қабылдау қажет деп санайды:

  • «Сот шешімінсіз тұрғын үй жинақ банкінің кепіл шоттарынан қаражаттарды есептен шығаруға тыйым салатын заңнамалық нормаларды әзірлеу және қабылдау;
  • Тұрғын үй жинақтарына арналған кепіл шоттар бойынша нотариустардың атқарушылық жазбаларын қолдануға шектеу қою;
  • Жеке сот орындаушыларының заңсыз әрекеттерінің салдарынан қарыз алушылардың тұрғын үйінен айырылу қаупін болдырмау мақсатында олардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету.

Бұған дейін, «Отбасы банк» «Наурыз» бағдарламасымен алғашқы заем берілгенін мәлімдеп, жоғары ұпай жинау жолдары бойынша кеңес берген.