Жаңалықтар

Террорлық қауіп: Семейде полиция дабыл бойынша шұғыл әрекетке көшті

семей теракт
Террорлық қауіп туралы ақпарат Ақтөбе мектептері жайлы да тараған еді/фото: shutterstock

Террорлық қауіп бойынша Семей қаласында барлық полиция экипажы мектептерге, оқу орындарына шұғыл жұмылдырылды.

Бұған Telegram-дағы «Конец Семей» арнасында жарияланған жарылғыш заттар туралы хабарлама түрткі болған.

Алайда Абай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Террорлық қауіп жалған болып шықты.

«Telegram-арнада тараған террорлық актілер туралы хабарлама жалған. Құқық қорғау органдары қазір арнаның авторын анықтап жатыр. Қалалық мектептердің барлығына полиция қызметкерлері жіберілді», – деп мәлімдеді Kursiv.Media басылымына полицияның баспасөз қызметі.

Бұған дейін түрлі чаттарда «Семей мектептеріне теракт жасалады» деген қауесет тараған болатын. Осыған байланысты полиция ата-аналарға ресми түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мектеп чатына жалған ақпаратты теріске шығарған хабарлама таратты.

«Азаматтар арасында дүрбелең тудыру мақсатында таратылған бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, өткен жылы да осындай жалған ақпарат Ақтөбе мектептері туралы тараған. Сол кезде де интернетте теракт туралы қауіпті хабарламалар болған еді. Тіпті кей фотолар мен мәтіндер Татарстан тұрғындарына арналған «Татарский маньяк» Telegram-арнасынан алынғаны анықталған.