
Талғарда жасөспірім Шерзат Полат қайтыс болған күні оның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың телефоны қолды болған. Бұл туралы қылмыстық іс бойынша айыптау актісінде көрсетілген, деп хабарлайды KursivMedia.
2025 жылдың 17 сәуірінде мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай айыптау актісінің толық нұсқасын оқыды. Соған сәйкес, 9 сотталушының бірі – Азамат Тоқтаубаевқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. Оның бірі – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), екінші бап – қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық).
«Сағат 01:02-01:04 арасында Абзал Шынасыл Нұрқанат Ғайыпбаевқа өзімен бірге алып келген ас пышағын бір рет сұғып алған. Сол сәтте Сакиев тергеу барысында анықталмаған пышақты Ғайыпбаевтың жамбасына екі рет сұғып алған. Салдарынан Ғайыпбаев есінен танып, қозғалыссыз жатқан. Мұны көрген Шынасыл мен Сакиев Ғайыпбаевты қазаға ұшыратқандарына көздері жетіп, көлікке мініп, оқиға орнынан кетіп қалған.
01:02-01:04 Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Ілиясов, Белғожаев, Сакиев, Шынасыл, Қалиахмет Нұрқанат Ғайыпбаевты ұрып жатқан кезде оның қалтасынан ұялы телефоны жерге түсіп қалған. Осы уақытта Азамат Тоқтаубаев ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру мақсатында, пайдакүнемдік ниетпен қараңғы уақытта және топ адам арасында өзінің әрекетін ешкім байқамай қалатынына көзі жетіп, Ғайыпбаевтың ес-түссіз жатқанын пайдаланып, құны 220 мың теңге тұратын ұялы телефонын жасырын жымқырған», – деді прокурор Дана Сәрсенбай.
Азамат Тоқтаубаев ұрлық бабы бойынша тағылған айыпты мойындамады. Ол телефонды ұрлау мақсатында алмағанын айтты.