Жаңалықтар

Астанадағы «Көктем» мейрамханасында тоғыз адам уланып, ауруханаға түсті

«Көктем» мейрамханасында тоғыз адам уланып, ауруханаға түсті / архив kursiv.media

Астанадағы «Көктем» мейрамханасында ас ішкеннен кейін тоғыз адам ауруханаға түсті.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, барлығы 10 адам жедел гастроэнтерит диагнозымен Астана қаласы әкімдігінің қалалық инфекциялық орталығының қабылдау бөліміне жүгінген. Олардың тоғызы ауруханаға жатқызылып, бір адам ауруханада емделуден бас тартып, амбулаторлық ем алуға жіберілген.

«Бүгінгі таңда науқастардың жағдайы – орташа. Науқастар дәрігерлердің бақылауында қажетті ем алып жатыр», – деп мәлімдеді басқармадан.

Оқиғаға қатысты пікір білдірген «Көктем» мейрамханасының басқарушы директоры Данияр Байтоковтың айтуынша, жағдай анықталысымен санитарлық қызмет шақырылып, барлық тағамдар зертханаға тапсырылған.

«Апта басынан бері кейбір қонақтарымыз өзін жайсыз сезінгенін айтып хабарласты. Біз бірден санитарлық қызметті шақырдық. Барлық өнімдер зертханаға жіберілді, қызметкерлеріміз де анализ тапсырды. Қонақтармен байланысу үшін арнайы жедел желі аштық. Әрқайсысынан қашан келгенін, не жегенін анықтап жатырмыз. Ішкі тергеу басталды, сондай-ақ тәуелсіз сараптама да жүргізіліп жатыр», – деді ол.

Қазіргі таңда мейрамхана штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің хабарлауынша, тексеру нәтижесі шыққан соң ғана мейрамхананың жұмысын тоқтату мәселесі қаралады.

«Мейрамхана санитарлық қорытынды негізінде жұмыс істеп жатыр. Шағым түскен тағам түрлері – үй котлеті, бефстроганов және, мүмкін, десерт – әзірге мәзірден алынып тасталды. Көптеген тапсырыс үйге жеткізу арқылы жасалған», – деді мейрамхана басшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жаңаөзенде 100 бүлдіршін балабақшадағы тамақтан уланғаны туралы жазған едік.