Жаңалықтар

АҚШ Қырымды Ресей аумағы ретінде тануы мүмкін – Bloomberg

Крым
АҚШ Қырымды Ресей аумағы ретінде тануы мүмкін / Фото: shutterstock

АҚШ Қырымды Ресей аумағы ретінде тануы мүмкін. Бұл туралы өзінің сенімді дереккөздеріне сілтеме жасай отырып Bloomberg басылымы хабарлады.

Басылымның мәліметінше, Киев пен Мәскеу арасындағы кеңейтілген бітімгершілік келісім аясында АҚШ Украинадан тартып алынған Қырымды Ресейге тиесілі екенін мойындауы мүмкін.

Мұндай шешім өз кезегінде жерді күшпен басып алуға тыйым салатын халықаралық заңдар мен шарттардың күшін жояды. Сондай-ақ бұл келісім жүзеге асса, атыс дәл қазіргі аумақтарда тоқтап, Ресей басып алған Украина жерінің көп бөлігі Мәскеуде қалу ықтималдығы жоғары. Басылымның сенімді дереккөздері АҚШ-тың Киевті НАТО-ға қабылдау мәселесін күн тәртібінен алып тастайтынын айтқан.

Айта кетейік, Парижде өткен Украина мен Еуропа делегациялары қатысқан келіссөздерден кейін, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Дональд Трамптың алдағы күндері Ресей мен Украина арасында бейбіт келісімге қол жеткізу белгілері байқалмайтын болса, соғысты тоқтатуға тырысу әрекетінен бас тартатынын мәлімдеді. Рубио бұл мәселеге көп уақыт жұмсамайтынын, АҚШ-тың басқа да мәселеге басымдық беруі керек екенін атап өткен.